Қоғам

Пойыздағы сұмдық: жолсеріктерді жұмысқа алған басшылар қалай жазаланды?

"Қазақстан темір жолы" компаниясының өкілі зорланған әйелден БАҚ алдында кешірім сұрады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 тамыз – Sputnik. "Тұлпар-Тальго" пойызында жолаушы қызды зорлаған жолсеріктердің басшылары жұмыстан шығарылды. Бұл туралы бүгін "Жолаушылар тасымалы" АҚ ресми өкілі Диас Ахметшәріп айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ахметшәріптің сөзіне сүйенсек, пойызда әйел зорлаған жолсеріктердің басшылары да жазасыз қалмаған.

"Оларды жұмысқа алған адамдар, батыс филиалының үш қызметкері жұмыстан шығарылды. Жеті адам сөгіс және қатаң сөгіс алды", - деді ол астанада жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейту туралы өткен дөңгелек үстелде.

Тағы оқыңыз: Пойызда зорланған әйел басынан өткен сұмдықты жылап тұрып айтып берді - видео

Ахметшәріп "Қазақстан темір жолы" компаниясының атынан жәбір көрген әйелден БАҚ алдында тағы да кешірім сұрады.

"Өзімнің экс-әріптестерімнің, компанияның атынан, басымды иіп, сізден ресми түрде кешірім сұраймын. Олар (қызды зорлаған жолсеріктер – Sputnik) надан адамдар, ондай адамдардың біздің арамызда жүруге ешқандай құқығы жоқ. Сол себепті олар жазасын алды. Әділ жаза ма, жоқ па, алдағы уақытта прокуратураның өтінішімен үкім қайта қаралады деген сенімдемін", - деді ол.

Компания өкілінің айтуынша, ҚТЖ осы оқиғадан кейін қауіпсіздік шараларын арттыруға кіріскен.

"Ең алдымен, дабыл түймешегі. Әр вагонда, купе, плацкарт вагондары болсын, тамақ ішетін үстелдерінің астында дабыл түймешегі орналасады. Егер сіз өзіңізге қауіп төніп тұрғанын сезсеңіз, дабыл түймешегін басасыз. Дабыл түймешегі, алдымен, ішкі істер органдарына, жолдағы полиция өкілдеріне келіп түседі. Бұл алдағы уақытта жүзеге асады деген ойдамын", - деді Ахметшәріп.

Тағы оқыңыз: ҚТЖ жолсеріктердің пойызда әйел зорлауына қатысты мәлімдеме жасады

Бұдан бөлек, ерлер мен әйелдерді купелерде бөлек орналастыру мәселесі талқыланып жатыр.

"Бөлек-бөлек купелер іске қосылады. Әйелдер жол жүрсе, жолсерік әйел болуы керек. Егер ерлер болса, жолсерік те тиісінше ер адам болуы шарт", - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, қауіпсіздік шараларының бірі – вагондарды бейнебақылау камераларымен жабдықтау.

"Осыдан бір ай бұрын жаңа 25 вагонды іске қосқанымыз естеріңізде шығар. Олардың барлығында дерлік бейнебақылау камерасы бар. Ол дәлізді, тамбурды түсіреді, бірақ купені түсіре алмайды. Себебі ол - әр адамның жеке кеңістігі. Бұл заңға қайшы. Жыл соңына дейін осындай тағы 68 вагон іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Олар қазір құрастырылып жатыр", - деді компания өкілі.

Тағы оқыңыз: Пойызда әйел зорлаған жолсеріктерге қандай үкім шығарылды?

Сондай-ақ, осы жылдан бастап "Қазақстан темір жолы" компаниясы жолсеріктер үшін психологтар кабинетін ашады.

Ахметшәріптің мәліметінше, бүгінде жолаушылар тасымалында 5500 жолсерік жұмыс істейді.

Айта кетсек, бүгін "Тұлпар-Тальго" пойызында зорланған әйел ел алдына шығып, басынан өткен сұмдықты жайып салды. Айтуынша, таңғы төрттер шамасында жолсеріктер әйел жатқан купеге кіріп оны зорлаған.

Жәбірленуші елордада өткен ғылыми конференциядан Ақтөбеге қайтып бара жатқан.
Сот үкімімен екі жолсерік те екі жарым жылға сотталды. Алайда жәбір көрген әйел бұл үкіммен келіспей отыр.