НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз – Sputnik. Шымкент қаласының тұрғынын өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды.
Бұрын хабарланғандай, осы жылдың 18 маусымында Шымкент қаласында өртенген үйден жергілікті тұрғынның мәйіті табылды.
"2019 жылдың 29 шілдесінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері қала тұрғынын өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады", - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қаскүнем ауыр қылмыс жасағаннан кейін құны 1 100 000 теңгеден асатын алтын бұйымдар мен ақшаны ұрлап, тұрғын үйді өртеп, қылмыс орнынан бой тасалаған.
Полиция қызметкерлері қаскүнемнің ұрланған ақшаға автокөлік сатып алғанын анықтады.
Тағы оқыңыз: Жігіт қалыңдығының үстіне бензин құйып, өртеп жіберді – видео
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК 99-бабы "Адам өлтіру", 192-бабы "Қарақшылық" және 202-бабы "Бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
2019 жылдың 1 тамызында Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу соты ұсталған азаматқа қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын қолданды. Тергеу жұмыстары жалғасуда.