Саясат

Қуғынға ұшыраған президенттер: Атамбаевқа дейінгі басшылар қайда жүр?

Қырғызстанның бес басшысының үшеуі ел ішіндегі шиеленістер мен жанжалдарға араласты, екеуі қазіргі уақытта отанынан жырақта өмір сүріп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз – Sputnik. Қырғызстанда экс-президентке қатысты тағы шу шықты. Бірақ осы жолы халық Атамбаевқа қарсы көтерілген жоқ, керісінше, оны ұстауға келген құқық қорғаушыларға қарсылық білдірді. Бұған дейінгі президенттерде ондай қолдау болмаған. Sputnik Қазақстан тілшісі әр жылдары Қырғызстанды басқарған президенттердің тақтан қалай кеткеніне шолу ұсынады.

Ақаев неге кетті?

Қырғызстанның бірінші президенті Асқар Ақаев осы қызметке үш рет қайта сайланған болатын. Ал 2005 жылы "қызғалдақ төңкерісі" нәтижесінде шетелге қашуға мәжбүр болды. Кейін Ақаев Ресейде ғылыммен айналысып, Мәскеу мемлекеттік универсиетінде жұмыс істеп жүр деген ақпарат тарады.

Сарапшылардың айтуынша, Акаевтың кезінде Құмтор алтын кенішін шетелдіктерге беру үшін Конституцияға өзгеріс енгізілді. Содан Қырғызстан үшін тиімсіз келісімшарт рәсімделген болатын. Ал шекараға жақын жерлер басқа мемлекетке берілгеннен кейін халықтың шыдамы таусылды. Ақсы ауданында адамдар көшеге шықты. Бірақ құқық қорғаушылар оларға оқ жаудырды. Бұның барлығы төңкеріске себеп болды. Сол кезде түсірілген видеода экс-президент Құрманбек Бакиевті де көруге болады.

Қуғынға ұшыраған президенттер: Атамбаевқа дейінгі басшылар қайда жүр?

Бакиев Беларуське қалай қашты?

"Қызғалдақ революциясынан" кейін билікке Құрманбек Бакиев келді. Алайда оның осы қызметке келуі Конституция нормаларына қайшы болды дейтіндер де бар. Бакиев президент креслосында тура бес жыл отырды. 2010 жылы қырғыз жерінде тағы тәртіпсіздіктер басталып, президентке қашуға тура келді. Беларусь арнасына берген сұхбатында Құрманбек Бакиев осы елге қалай барғанын және Лукашенконың оны қалай шақырғанын айтып берді.

Құрманбек Бакиевті елден алып шығуға Қазақстанның әскери-әуе күштері де көмектесті. Тәртіпсіздіктер кезінде Нұрсұлтан Назарбаев уақытша үкіметтің басшысы Роза Отынбаеваға қоңырау шалып, Бакиевті шұғыл алып шығу қажеттігін жеткізген. Артынан Ақордада өткен баспасөз мәслихатында Нұрсұлтан Назарбаев осы операцияның мән-жайын айтып берді. Ол жайында фильм де түсірілді.

Қырғызстанның бас прокуратурасы Құрманбек Бакиевті экстрадициялау туралы сауал жолдады. Алайда Беларусь оны кері қайтарды. 2013 жылы қырғыз соты Бакиевті 24 жылға бас бостандығынан айыру туралы сырттай шешім шығарды.

Президент қызметінен өз еркімен кетті

2010 жылғы төңкерістен кейін Қырғызстанда уақытша үкімет құрылып, арнайы декретпен Роза Отынбаева өтпелі кезеңнің президенті болып жарияланды. Оның тұсында Ош облысында этникалық өзбектер мен қырғыздар арасында қанды қақтығыс болды. Соның салдарынан 400-ден астам адам қаза болды.

Отынбаева Қырғызстанның бірінші әйел президенті ретінде тарихта қалды. Ол КСРО ыдырағаннан кейін Ақаевтың үкіметі құрамында жұмыс істеген. Сыртқы істер министрі, осы елдің АҚШ-тағы елшісі қызметін атқарды. Грузин-абхаз шиеленісін реттеу бойынша БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі де болды.

Қуғынға ұшыраған президенттер: Атамбаевқа дейінгі басшылар қайда жүр?

2004 жылы Отынбаева "Асаба" атты оппозициялық қозғалысқа қосылды. Ал бір жылдан кейін өз кандидатурасын депутаттыққа ұсынды. Бірақ Ақаевтың қызы – Бермет Ақаеваға бәсекелес болмасын деп, оны тіркеуден алып тастады. Себебі экс-президенттің қызы тура сол учаскеден сайлауға түсті.

Роза Отынбава президент қызметінен өз еркімен кетті. Артынан "Роза Отынбаеваның бастамалары" атты халықаралық қоғамдық қорды құрды. Биыл ол Астана экономикалық форумына келіп кетті.

Атамбаевтың атой салуы

2011 жылы билікке Алмазбек Атамбаев келді. Оған дейін ол Роза Отынбаеваның үкіметі құрамында премьер-министр қызметін атқарды. Бұдан бөлек, Қырғызстанның социал-демократтар партиясын басқарды.

Атамбаевтың президенттігі кезінде Қазақстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасы шиеленісіп кетті. Атап айтқанда, 2017 жылғы сайлау кезінде Алмазбек Атамбаев Қазақстан билігін елдің ішкі мәселесіне араласып, оның басты қарсыласы Омурбек Бабановты қаржыландырды деп айыптады. Қазақстан үкіметі аталған мәлімдеменің негізсіз екенін жариялады. Артынан шекара бекеттерінде өткізу тәртібі күшейіп кетті.

Қуғынға ұшыраған президенттер: Атамбаевқа дейінгі басшылар қайда жүр?

Ал бұқаралық ақпарат құралдарында Атамбаевтың қылмыстық әлемнің серкелерімен байланысы туралы жазылды. Осыдан кейін журналистер, қоғамдық белсенділер, оппозицияда жүрген саясаткерлер мен құқық қорғаушыларға қарсы істер қозғалды. Олар өз кезегінде Атамбаевты өзінің табысы туралы ақпаратты жасырып жүргені үшін айыптады.

Екі президенттің текетіресі

Осыдан екі жыл бұрын Сооронбай Жээнбеков Қырғызстанның президенті болып сайланды. Бас кезінде Алмазбек Атамбаев оны қолдап жүрді. Алайда бертін келе, екеуінің қарым-қатынасы бұзылды. Атамбаевқа жақын адамдар қамауға алына бастады.

Биыл маусым айында парламент арнайы комиссия құрды. Комиссия Атамбаевтың алты қылмысқа қатысы бар деген шешімге келді. 27 маусымда оны экс-президент мәртебесінен айырды. Атамбаев осы мәселеге қатысты шағым түсірді.

Оны бірнеше рет сотқа шақырды. Ал шілденің соңында тергеушілер атышулы қылмыскер Азиз Батукаевты заңсыз босатуға қатысты жауап алу үшін Атамбаевтың резиденциясына барды. Бірақ оларды кіргізген жоқ. Экс-президент Мәскеуге кететінін де айтып қалды.

Кеше Қырғызстанның арнайы мақсаттағы жасағы Атамбаевтың резиденциясына шабуыл жасады. Алайда экс-президенттің жақтастары қарсылық білдіріп, бірнеше арнайы жасақ сарбазын кепілге алды.

Бүгін ел президенті Сооронбай Жээнбеков өзінің демалысын тоқтатып, шұғыл түрде Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді.