Өңірлер

Қарағандыда жұртқа "таратылып" жатқан ақша бір отбасының берекесін қашырды

Салават Захарченов баласы кредитті төлей алмай жүргенін естіген соң ғана мән-жайға қанық болған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз – Sputnik. Қарағанды тұрғыны өзінің жасөспірім ұлына сауда үйіндегі терминалдан жеңіл жолмен кредиттің беріле салғанына наразылық білдірді.

Төлем қабілеттілігін растайтын құжатты қажет етпейтін оңай ақшаны қайтару оңай болмайтын сыңайлы, деп хабарлады 5tv.kz.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда кредит беру шарттары өзгереді 

Салават Захарченовтың ұлы осыдан төрт ай бұрын сауда үйінің біріне қойылған терминалдан кредит алған. Кейін ол бұл кредитті төлей алмай, достарынан қарыз сұрап жүргенін естіген әкесі мән-жайға қанық болған.

"Балам 8 мың теңге кредит алған. Оны біз білмедік. Медициналық, төлем қабілетін анықтайтын анықтама талап етпейді екен. Алдың ба, бітті", - деп ашуланды Салават Захарченов.

Сорақысы сол, мұндай терминалдан кредит алғыңыз келсе, жеке куәлігіңізді аппаратқа қойып көрсетсеңіз болды, ақшаны ұстата салады. Бұл жерге оны төлей алатыныңыз жөнінде ешқандай анықтама апарудың керегі жоқ. Алайда берілген сомаға әр күн сайын бір проценттен үш процентке дейін үстеме қосылады.

Салават бірнеше рет шағымданған соң, оның ұлына қосылған үстемақы тоқтатылғанын айтқан. Алайда бұған дейін есептелген үстемақыны қосып төлеуге тура келеді.