Қоғам

Қазақстанның Қытайдағы елшілігі Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты мәлімет берді

Елшілік қызметкерлері қазақстандық қызға ақшалай көмек көрсетіп тұрады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз – Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытайда жазасын өтеп жатқан Ақжарқын Тұрлыбайдың қазіргі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Осыдан бес жыл бұрын ұсталған Қазақстан азаматы қазір Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы түзету мекемесінде қамауда отыр.  

Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің мәліметіне сүйенсек, Тұрлыбай қасындағы сотталғандарға ағылшын тілін үйретіп жүр.

"Көркем әдебиеттерді оқиды. Дене шынықтырумен айналысады. Қытай тілін жақсы меңгеріп алған. Түзету мекемесіндегі жағдайға қатысты шағымы жоқ", - делінген сыртқы істер министрлігінің Sputnik Қазақстан сауалына берген ресми жауабында.

Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қызметкерлері Гуанчжоудағы түрмеге барып, Тұрлыбайдың қал-жағдайын біліп тұрады екен. Бұған қоса, ақшалай көмек көрсетіп, сұраған кітаптарын тауып береді.

Министрліктің ақпаратынша, қазір Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі ҚХР Гуандун өлкесі Жоғарғы халық сотының қарауында. Оған қатысты тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Тағы оқыңыз: Қытай түрмесінде отырған қазақ қызының әке-шешесіне жазған хаты жарияланды

"Тұрлыбайдың заңды құқықтарын және мүдделерін сотта қорғау мақсатында "Шетелде Қазақстанның мүдделерін білдіру" бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа Бейжіңнің "Дахэн" адвокаттық компаниясынан білікті заңгер жұмысқа тартылды", - делінген хабарламада.

Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдыры

Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.

Тағы оқыңыз: Қытайда көз жұмған қыздың әпкесі оқиғаның қалай болғанын айтып берді

2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.

Ақжарқын Тұрлыбайдың өмірбаяны

Ақжарқын Тұрлыбай 1994 жылы 21 ақпанда туған. Қыздың отбасы Түркістан облысында тұрады. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетіне оқуға түскен. Үшінші курстан бастап түнгі клубта даяшы болып жұмыс істеп, табыс таба бастаған. Қытайға құрбысына тауар әкелуге көмектесу үшін барыпты.