Қоғам

"Басыма тапанша тіреді": сот орындаушысының атыс-шабысқа толы өмірі – видео

Тапанша тіреген жігіт ата алмайды, жанындағы жолдастарын көлікке мінгізіп, ізін жасырған. Артынан екеуі тағы кездеседі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз – Sputnik, Арман Асқар. Нұр-Сұлтанда өткен бір жиында әділет министрі Марат Бекетаев сот орындаушыларының жұмысы жайында айта келе, астаналық бір маманның қызметінен хабардар екенін жеткізді. Ол маман сот шешімдерін орындаудан бұрын адамдарды татуластыруға тырысады екен. Сөйтіп, өз еркімен медиаторлықпен айналысып жүр. Сол жиында министр сот орындаушысының аты-жөнін есіне түсіре алмады. Sputnik Қазақстан тілшісі ол маманды тауып, адамдарды қалай татуластырып жүргенін сұрады. Сөйтсек, оның қызметінде атыс-шабыс жанрындағы фильмге негіз болатын оқиғалар да аз емес екен.

"Лицензия алып, жұмыс істей бересің"

Сот орындаушысы Жұмабек Нәдірқұлов бұрын көлік прокуратурасы органдарында жұмыс істеген. Осы салада жеті жыл бойы еңбек етіп, аға прокурорға дейін жеткен. Одан кейін мемлекеттік басқару академиясында оқыды. Жоғарғы соттың резервіне кірді.

"Бірақ мен жеке сот орындаушысы қызметін таңдадым. Негізі, президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясын бітірген адамдарға адвокат, нотариус пен жеке сот орындаушысы лицензиясы беріледі. Арнайы сынақтан өтудің қажеті жоқ. Лицензияны алып, жұмыс істей бересің. Осылайша, мен осы салаға келдім", - деді Нәдірқұлов.

Жұмабек прокуратурада біраз тәжірибе жинаған. Соның бәрі жаңа қызметте өзінің оң әсерін тигізеді. Бастапқыда орындауға түскен сот шешімдерінің көбісі айыппұлды өндіруге қатысты болыпты.

"Ол кезде "Сергек" сияқты камералар барлық жерде болмаған. Сосын санитарлық қызмет пен көліктік инспекция жазып беретін айыппұлдар бар. Соның барлығын бізге өндіріп алуға жіберетін. Бас кезінде, көбінесе, сондай істерді орындаумен айналыстық", - дейді Нәдірқұлов.

"Есепшотқа 100 миллион түсті"

Жұмабек Нәдірқұлов алғашқы үлкен істі қалай орындағанын да ұмытпапты. Тергеу материалдарына сәйкес, елордада бір алаяқ жер учаскесін бірнеше рет сатып, халықты көп ақшаға алдап кеткен. Ал өз атында 27 пәтер болған. Сот аталған пәтерлердің бәрін сатып, ақшасын зардап шеккен адамдарға таратып беруді ұйғарады.  

"Менде 9 адамның шығындарын өтеп беру туралы сот шешімі болды. Біз алдымен қарыз болған адамды ескерттік. Одан кейін үш пәтеріне арест салдық. Сосын сот орындаушыларының бірыңғай сауда алаңы, былайша айтқанда, аукцион арқылы сатып жібердік. Сөйтіп, есепшотымызға 100 миллион теңге түсті. Ол ақшадан 9 адамның шығыны өтелді", - деп атап көрсетті сот орындаушысы.

Ол алаяқ біраз адамға қарыз болып қалған екен. Кейбіреулер басқа сот орындаушыларының көмегіне жүгінген. Бірақ Жұмабек Нәдірқұлов бірінші болып алаяқтың үш пәтерін сатып, зардап шеккендердің шығынын өтеп береді.

11 айлық қызын ұрлап кеткен әкенің ісі

Жақында Жұмабек Нәдірқұлов тағы бір атышулы іске қатысты. Бір еркек ажырасқан әйелін ұрып, 11 айлық баласын ұрлап кеткен. Ол оқиға Алматыда болды. Ер адам кішкентай қызын көлігіне салып алып, елордаға бір-ақ тартқан. Анасы алдымен сотқа, одан кейін бір сот орындаушысының қызметіне жүгінеді. Олар полициямен бірге ер адамның үйіне барған. Бірақ табалдырықтан әрі аттай алмайды. Еркектің өзі және оның туған-туыстары қарсылық көрсеткен. Сол оқиға кіреберістегі бейнекамераға жазылып қалыпты. 

Ол күні анасы баласын ала алмады. Әкесі де заңдарды жақсы білетін болып шықты. Бұрын полицияда істеген. Қызын қайтадан көлігіне салып алады да, белгісіз бағытта қашып кетеді. Бір аптадан кейін анасы сот орындаушыларының палатасына барып, тағы көмек сұрайды.

"Біздің чатымызда 160 – 170 сот орындаушысы бар. Басшылық осы істі кім алады деп жазды. Бәрі ол істің ауыр екенін түсініп үндемеді. Мен еңбек демалысының жақындағанына қарамай, оны алуға келістім", - дейді Нәдірқұлов.

Атыс-шабыс жанрындағы кино болып кетті

Қызын ұрлап кеткен әке бірден табылмады. Бірақ құқық қорғаушылар оның ұялы телефоны арқылы Қостанай облысындағы Половниковка ауылында жүргенін анықтады. Бас кезінде елорданың полициясы сот орындаушысы Нәдірқұловқа көлікті де, көмекшілерді де береміз дейді. Артынан үндемей қалған. Жұмабек қыздың анасы мен көмекшісін алып, өз көлігімен жолға шығады.

"Қостанайда бізге үш полицей берді. Сөйтіп, қаладан 50 шақырым шалғай жердегі Половниковка ауылына шығып кеттік. Сигналдың сол жеден шығып жатқанын білеміз. Бірақ қай үй екенін анықтай алмадық. Содан біз бармыз, полицейлер бар, екі көлікпен ауылды аралауға кірістік", - деп еске алады Нәдірқұлов.

Бас кезінде барлығы қызын алып қашқан ер адамның көлігін іздеді. Себебі құқық қорғаушылар автоның маркасын да, тіркеу нөмірін де білді. Алайда қашқын мемлекеттік тіркеу нөмірін ауыстырып тастапты.

"Біз Тойота 70 көлігін көрдік. Түсі де қара. Бірақ оның ресейлік нөмірі болды. Ол кезде көлік нөмірін де ауыстырып тастағанын білмедік. Сөйтіп, айналып жүргенде полицейлер ауылдағы дүкенге бесік арбамен бір баланың кіргенін хабарлайды. Сол жерге барсақ, жасөспірім қызыл бесік арбамен шығып келе жатыр. Тоқтатып қарасақ, арбада іздеп жүрген қызымыз отыр", - дейді Нәдірқұлов.

Көліктен шыққан анасы өз қызын бірден таниды. Оны құшақтап алып жылайды. Жеткіншек жастағы бала болса, қашып кетеді.

Жолға шықанда екі көлік соңынан түскен

Кішкентай қызды тапқаннан кейін Жұмабек бәрін көлікке отырғызып, бірден полицияға хабар береді. Осы уақыттың ішінде жасөспірім болған жайтты ағасына жеткізіп үлгерген.

"Біз полициямен бірге үйді іздеп көрдік. Мен де жағдайды ушықтырып алмайын деп, ол кісімен кездесіп көрейінші дедім. Сосын оны іздеп қайтемін деген ойға келдім. Ең бастысы, кішкентай қызды анасына қайтардық. Қалғанын полицейлердің өздері шеше жатар дедім де, жолға шығып кеттім", - дейді Нәдірқұлов.

Ал тас жолға шыққанда олардың соңынан екі көлік түседі. Біреуі – ресейлік нөмірі бар қара Тойота, екіншісі – жергілікті Ауди-100. Екеуі сот орындаушысының көлігін қысып, тоқтатқысы келеді. Бүйірінен де соққан. Жұмабек астанаға дейін жарыса алмайтынын түсінеді де, кілт бұрылып, қайтадан ауылға тартады. 

"Басыма тапанша тіреді": сот орындаушысының атыс-шабысқа толы өмірі – видео

"Ауылға кіргенде екі көлік жолымды бөгеп тастады. Мен тоқтадым. Бір әйел жүгіріп келіп, тереземді ұра бастады. Газ балонын шашыратқысы келді. Мен бірден артқа беріп, басқа көшеге түстім. Қарасақ, бағана бізбен келген полицейлер тұр. Содан жергілікті учаскеге бардық. Бірақ әкесі қайтпады. Оны ұстап қалды. Біз полициямен бірге астанаға жетіп, келіншекті қызымен бірге Алматыға шығарып салдық", - деп еске алады Нәдірқұлов.

"Басыма тапанша тіреген"

Сот орындаушысына пәтерден шығару актілері көп түседі екен. Дәл осы санаттағы шараларды атқару оңай емес. Онда да сес көрсету мен қорқыту жиі болып тұрады. Дегенмен, заңды орындау керек. Біреудің адал еңбекпен тапқан ақшасын, я болмаса, пәтерін қайтару қажет.

"Бір ретте 3 миллион теңгені ала алмай жүрген бір кісінің орындау актісі түсті. Сөйтсек, қарыз болған адамның Лексус 470 көлігі және үш бөлмелі пәтері бар. Бірнеше рет шақырдық, келмеді. Содан кейін үйіне бардық. Есікті әйелі ашты да, онымен ажырасып кеттік деді. Біз қарызды қайтармасаңыз, осы үйді сатамыз деп айттық. Ол бірден күйеуіне қоңырау", - дейді Нәдірқұлов.

Оның айтуынша, адамдар сот орындаушыларының ескертуін бірден қорқыту деп қабылдайды. Жаңағы әйел де күйеуіне хабарласып, оны қорқытып жатыр деп жеткізген.

"Сол жерде әйелі маған телефонды берді де, арғы жағынан күйеуі сен кімсің, менің үйіме неге кіресің деп, өзімен қоқан-лоқы көрсете бастады. Жігітше сөйлесейік деп шықты. Мен келістім, айтқан жеріне бардым. Сөйлесіп тұрғанда тапаншасын шығарды да, басыма тіреп қойды. Бір кезде ағаштың арасынан бита ұстаған екі жігіт шықты. Мен айттым, тоқтаңдар! Ал, енді, атсаң, ат, бірақ артынан жазаға тартылатыныңды ұмытпа дедім. Ол ойланып қалды", - деді Нәдірқұлов.

Тапанша тіреген жігіт ата алмайды. Жігіттерін көлікке мінгізіп алады да ізін жасырады. Артынан екеуі тағы кездесіп, дос болып кетеді. Бүгінде ол жігіт барлық қарызын төлеп берген.

"Тұрмысы төмен адамдардан ақы алмаймыз"

Жұмабек Нәдірқұлов адамдарды қалай татуластырып жүргенін де айтып берді. Оның айтуынша, бүгінде тұрмысы төмен азаматтар аз емес. Ал олардың есепшотына арест салып қойса, жағдайлары мүлдеп қиындап кетуі мүмкін.

"Енді, адал адамдар да болады ғой. Олар келеді де, жағдайын түсіндіріп жатады. Әзірше, жұмыс жоқ, ақша түспей жатыр дейді. Ондайға түсіністікпен қараймыз. Біз ол адамдардың есепшотын бұғаттап тастасақ, жағдайы одан да қиындап кетпей ме?", - дейді Нәдірқұлов.

Оның ойынша, сот орындаушысы медиатордың қызметін де атқара алады. Сонда халық артық ақша шығармайды. Жұмабектің кабинетінде талай адам ымыраға келген.  

"Әйтпесе, қарыз беруші адам онсыз да ақша таба алмай жүргенде медиаторға барады, оған қосымша ақы төлейді. Мен былай істеймін, қарыз беруші мен ақшаны талап етіп отырған адамды шақырамын да, осы жерде үшеуіміз отырып сөйлесеміз. Сөйтіп, бір шешімге келеміз. Алимент бойынша талай адам татуласқан. Ал олардың әлеуметтік жағдайы төмен болса, өз ақымызды алмаймыз", - деп атап көрсетті Нәдірқұлов.