НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз – Sputnik. 5 тамыз күні Қырғызстанның Нарын облысында қытайлық Zhong Ji Mining компаниясының жұмысшылары мен жергілікті бірнеше ауылдың тұрғындары арасында туындаған қақтығысты күш құрылымдары толығымен бақылауға алды.
Оқиға орнында қазір ішкі істер министрі Қашқар Жүнісәлиев пен оның орынбасарларының бірі жүр, деп хабарлады Sputnik Қырғызстан.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау органдары жергілікті тұрғындар мен қытай компаниясының қызметкерлері арасында мұндай қақтығыстарды болдырмау мақсатында халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қытай компаниясы ғимаратының жанындағы төбелес
5 тамызда бір топ ауыл тұрғыны қытайлық Zhong Ji Mining компаниясының ғимаратына бет алды. Екі жақтың арасындағы жанжал салдарынан төбелес басталып, бір-біріне тас лақтырған.
Қақтығысқа жергілікті тұрғындардың компания жүргізіп жатқан жарылыс жұмыстарын тоқтатуды талап етуі себеп болды, ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, жарылыстан тауда жайылып жүрген мал қырылып қалған.
Милициядағы дереккөз Sputnik Қырғызстанға хабарлағанындай, қақтығыс салдарынан шамамен 10 адам жарақат алған. Олардың барлығы медициналық мекемелерге жеткізілді.
Тағы оқыңыз: Қытай Қазақстанды басынан бақайшағына дейін зерттеп отыр
Кейінірек жергілікті билік пен Zhong Ji Mining компаниясының басшылығы келіссөз жүргізді. Кәсіпорын малдың қырылуына компания қызметкерлері кінәлі екені дәлелденсе, ауыл тұрғындарына келтірілген шығынды өтеуге дайын екенін мәлімдеді.
Жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде шынымен де заң бұзушылықтарға жол берілгені белгілі болғаннан кейін, өнеркәсіп, энергетика және жер қойнауын пайдалану мемлекеттік комитетінің басшысы Эмиль Осмонбетов Zhong Ji Mining компаниясының басшылығымен қайта сөйлесті. Ол жергілікті тұрғындарға қырылған мал үшін өтемақы төлеу мәселесін шешуді талап етті.
Компания басшылығы бұл талаппен келісіп отырғаны белгілі болды.