Қоғам

Мүфтият құрбандыққа шалынған малдың етін кімге тарату керек екенін айтты

Биыл Құрбан айт мейрамы 11-13 тамыз күндеріне белгіленіп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 шілде – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "Зекет" қорының директоры Талғат Омаров құрбандыққа шалынған малды еті кімге таратылатынын, діни мейрам кезінде арнайы акция ұйымдастырылатынын Sputnik Қазақстан тілшісі айтып берді.

Мүфтият 2019 жылы Құрбан айт мерекесі тамыз айының 11-13 күндері болатынын айтты. Имамдар құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб екенін айтады. Еттің бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне (олар бай болса да сыйға тартылады), екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады.

"Көмек сұрап жатқан адам көп"

Талғат Омаров басқаратын қор ауқымды қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Ол Құрбан айт мерекесі аясында арнайы акция ұйымдастырылатынын айтты.

Мүфтият құрбандыққа шалынған малдың етін кімге тарату керек екенін айтты

"Құрбан айтқа байланысты біз акция ұйымдастырып жатырмыз. Көмек сұрап жатқан адам көп. Құрбандыққа шалынған малдың етін мұқтаж адамдарға таратуға көмектесеміз. Акция аясында 7 адам бірігіп, сиыр сойса немесе бір адам бір қой сойса, оның етін біз тегін таратып бере аламыз. Сондай-ақ, адамдарға көмек ретінде "ет бергіміз келеді" деген тұрғындар болса, +7 (707) 592 06 52, + 7 (701) 395 35 32 нөміріне хабарласуға болады", - дейді ол.

Тағы оқыңыз: Құрбан айтта не істеуге болмайды - видео

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы "Зекет" қорының астана мен Алматыда бөлімдері бар. Қазіргі кезде қор көмекке мұқтаж жандарға азық-түлікті тегін таратып жатыр.

"Біз қайырымдылық шарасын жиі ұйымдастырып тұрамыз. Ал мешіттегі шараларға араласпаймыз", - деді Талғат Омаров.

"Құрбан айт – мал сою шарасы емес"

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз құрбандық– мал сою шарасы ғана емес, халықтың ынтымағын нығайтып, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін айтулы мереке екенін жеткізді.

"Бұл – Алла Тағаланың бізге тарту еткен мерекесі. Мұсылман баласының құлшылық амалдары жамағатпен және ауызбіршілікпен атқарылады. Құрбан айт соның үлкен айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның бірлігі мен берекесін тағы да паш ете түседі. Біз пайғамбарымыздың және сахабалардың (көпшіліктің) жолын ұстанушы үмбетпіз. Қажылық, құрбандық, жамағатпен оқылатын намаздар және тағы басқа игі амалдар мұсылманды бірлікке тәрбиелейді", - дейді ол.

Тағы оқыңыз: Мешітте құрбандық шалу шарттары қандай?

Сонымен қатар ҚМДБ өкілдері Құрбан айтта елордадағы Әзірет Сұлтан, Нұр Астана, Сәдуақас қажы Ғылмани мешіттерінде құрбандық шалу акциясы жүргізіледі. Оған кез келген адам қатыса алады. Құрбандық еті елордадағы мұқтаж отбасыларға үлестіріледі.