НҰР-СҰЛТАН, 2 тамыз — Sputnik. Астана процесінің кепіл елдері Идлибтегі бейбіт халықтың қауіпсіздігін сақтау үшін нақты шара қабылдауға келісті. Бұл туралы Астана форматындағы Сирия бойынша халықаралық кездесуді қорытындылай келе, Ресей Түркия және Иран елдері бірелесе жасаған мәлімдемеде айтылған.
Тараптар Қазақстанның билік өкілдеріне келіссөздердің кезекті раундын өткізгені үшін ризашылығын білдірді.
"Астана процесінің аясында өткен 13-ші кездесудің қорытындысына қанағаттанып отырмыз, себебі бұл – Сирияда бейбітшілік орнату үшін жан-жақты күш жұмсаудың маңызды бөлігі. Бүгінгі жоғары деңгейлі кездесу – кепіл елдердің қосқан елеулі үлесі", - деді Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко "Астана-13" қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдемені оқып.
Процестің кепіл елдері Астана форматының жаңа бақылаушылары ретінде Ирак пен Ливан делегацияларының қатысуын оң бағалап, олардың Сирияда бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуға үлес қосқанына сенім білдірді.
Идлибтегі ахуал
Қазақстан астанасында Ресей, Түркия және Иран Идлибтегі деэскалация аумағында қалыптасқан ахуалды қарастырды. Тараптардың айтуынша, Идлиб бойынша барлық келісім орындалуы тиіс. Ең алдымен, 2018 жылғы меморандум сақталуы қажет (Идлибте демилитаризацияланған аумақ құру туралы келісім).
Тағы оқыңыз: Ресей президентінің арнайы өкілі Нұр-Сұлтандағы келіссөздердің алғашқы күні бойынша мәлімдеме жасады
"Бейбіт тұрғындардың құрбан болуына өкініш білдіріп, тараптар жергілікті азаматтардың, Идлибтегі деэскалация аумағындағы және одан тысқары жердегі кепіл елдердің әскери қызметкерлерінің қауіпсіздігін сақтау үшін алдыңғы келісімдер негізінде нақты шаралар қолдануға келісті", - делінген "Астана-13" қорытындысы бойынша декларацияда.
Террорлық ұйымның ықлпалы
Кепіл елдер өңірдегі "Хейат Тахрир аш-Шам*" террорлық ұйымы мүшелерінің көбеюіне алаңдап отыр. Ресей, Түркия және Иран ИГИЛ*, "Джабхат ан Нусры"* және басқа террорлық ұйымдарды түп-тамырымен жою бойынша ынтымақтасуды жалғастыратындарын мәлімдеді.
*Қазақстанда, Ресейде және басқа бірқатар елде тыйым салынған террорлық ұйымдар
Конституциялық комитет құру
Астана процесінің кепіл елдері үш жақты форматта, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Гейр Педерсеннің кеңсесі өкілдерімен бірге консультация жүргізді.
Олар Сочидегі Сирия ұлттық диалогы конгрессінің шешіміне сәйкес Женевада Конституциялық комитет құру және жұмысын бастау мәселесін талқылады.
Тағы оқыңыз: Ресей Сирия үкіметінің Идлибтегі атысты тоқтату туралы шешімін құптады
Тұтқындарды босату
Сонымен қатар кепіл елдер тұтқындарды босату бойынша кезекті операцияның сәтті аяқталғанын қуанышпен атап өтті. Бұл шара 2019 жылдың 31 шілдесінде Астана форматының бейінді жұмыс тобы аясында өткен еді.
Тараптар босқындардың өз еркімен Сирияға оралуына және ел ішінде көшіп-қонып жүргендердің өз үйіне қайтуына жағдай жасау қажеттігін айтты.
Сириядағы қақтығыс
2011 жылдың наурызынан бері Сирияда әскери қақтығыс болып жатыр.
Сириядағы ахуалды реттеу бойынша алғашқы кездесу Қазақстан астанасында 2017 жылдың 23-24 қаңтарында болды.
Тағы оқыңыз: Ирак пен Сириядағы соғысқа жұмсалған ақша Германияның бес жылдық бюджетіне теңескен
Астана форматындағы Сирия бойынша келіссөздердің он екінші раунды 2019 жылдың 25-26 сәуірінде өткен еді.
Бұған дейін Ресей мен Түркия қорғаныс министрлері Сочиде кездесіп, Идлиб деэскалация аумағындағы ахуалды тұрақтандыру туралы меморандумға қол қойды және Идлиб демилитаризацияланған аумағын құруға келісті.