Қоғам

Тоқаевтың туфлиі қанша тұрады - фото

Мемлекет басшысы отандық өнімдерді насихаттап отырады. Бұған дейін ол қазақстандық галстуктерді тағатынын айтқан болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 тамыз — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өндірістен шыққан аяқ киімді мақтап, Шымкенттен туфлиге тапсырыс берді.

Бұл туралы мемлекет басшысы Твиттерде жазып, "Айқын" газетінде шыққан етік тігетін кәсіпкер туралы мақала қатты ұнағанын айтты.

"Отандық өнімді қолдау мақсатында мен де бір аяқ киімін сатып алдым. Адал еңбек етіп, нақты кәсіппен айналысуға деген көзқарас орнығуы тиіс", - деп жазды Тоқаев.

Президенттің туфлиі

Компания өкілдері Sputnik Қазақстанға президенттің қандай туфлиге тапсырыс бергенін айтып берді.

Тағы оқыңыз: "Мен өзімді өзгертпеймін, осы қалпымда қабылдаңыздар" - Тоқаев

"Нұр-Сұлтанда әзірге дүкеніміз жоқ, бірақ бүкіл Қазақстан бойынша, тіпті Ресейге де тапсырысты жеткіземіз. Сайт арқылы тапсырыс беруге болады. Президент табаны каучуктен жасалған, қою қоңыр түсті былғары лофер (туфлидің түрі - Sputnik) таңдады. Бағасы – 21 мың теңге. Бізде мезгіларалық, жазғы және қысқы аяқкиімдер бар. Мезгіларалық аяқ киімдер – 17 мыңнан 21 мың теңгеге дейін. Президенттің таңдағаны сол болды. Жазғы аяқ киім – 15 мың теңге, қысқы аяқ киім – 25 мыңнан 30 мың теңгеге дейін, маусымдық жеңілдіктер жасап тұрамыз", - деді компания өкілі телефон арқылы.

Тоқаевтың туфлиі қанша тұрады - фото

Президент қандай галстук тағады?

Бұған дейін ресейлік тілші Алексей Пивоваровқа берген сұқбатында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық галстуктерді тағатынын айтып қалды.

"Қазір отандық өндірістен шыққан галстуктерді тағып жүрмін – Қазақстанда шығаруды үйренді. Галстуктер сататын фирма бар – өнімдері өте жақсы. Отандық өндірушілерге қолдау көрсету біз үшін маңызды", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев сұқбат барысында.

Оның айтуынша, шие түстес қызыл, көк және көгілдір түсті галстуктерді тағатын көрінеді.

Тағы оқыңыз: "Бұл уақытша ғана нәрсе екен...": Қасым-Жомарт Тоқаев ашық сұқбат берді