НҰР-СҰЛТАН, 31 шілде – Sputnik. Алматылық оқушы Әлихан Ерболат Абай Құнанбаевтың портреті бар шаш үлгісін жасап, әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі оқиғаның қалай болғанын біліп көрді.
"Өлеңді жай оқи салғым келген жоқ"
Мұндай ерекше шаш үлгісін жасаған алматылық шебер - Меруерт Дәулетова. Оның шаштараз болғанына 2 жыл болыпты. Осыдан бір жыл бұрын адам портретімен шаш үлгісін жасауды үйренген. Ол бұл күнге дейін әлеуметтік челленджге қатыспапты. Оның пікірінше, бұған дейінгі эстафеталарда еш мағына болмаған. Осы орайда ол Абай өлеңдерін оқу эстафетасына қалай қатысқанын түсіндірді.
"Алғаш рет Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың өлеңін оқып, видеосын жариялады ғой. Кейін бұл эстафетаны Димаш Құдайберген жалғыстырды. Осы сәтте менде Абай өлеңін оқу эстафетасына деген қызығушылық оянды. Бірақ камераға Абайдың өлеңін жай оқи салғым келген жоқ, оны өз мамандығыммен байланыстырғым келді. Сөйтіп, ұлы ақынның потретімен шаш үлгісін жасап, өлеңін оқимын деп шештім", - дейді шаштараз.
Абайдың портреті
Меруерт алдымен Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасы арқылы шаш алдыратын модель керек деген хабарландыру жариялапты. Әлиханның анасы Ақбота Балжанова танысқан. Ол ұлының шашын алуға келісімін берген. Бірақ шаштараз оған Абай Құнанбаевтың портреті бар шаш үлгісін жасайтынын айтпаған.
"Әлихан маған жалғыз келді. Мен оның шашын алып, ақынның портретімен шаш үлгісін жасадым. Әлихан анасына хабарласты. Осыдан соң, Ақбота "бұл портретті әжесі көргісі келеді, оны қалдырайық" деді. Ал біз бұл шаш үлгісін алып тастайық деп ойлағанбыз. Осыдан соң, Әлихан үйіне көтеріңкі көңіл-күймен кетті", - дейді Меруерт Дәулетова.
Ол алматылық оқушыдан басқа ешкім ақынның портретімен шаш үлгісін жасатпағанын атап өтті.
Таңданысымызды жасыра алмадық
Ақбота Балжанова ұлы шаш үлгісін көріп, қуанышында шек болмағанын айтады. Тіпті, ана баласының өзіне телефон соғып, тосын жайтқа куә болғанын тілге тиек етті.
"Шаштараздан шыққан соң, ұлым тағы хабарласып, "Мама, көшеде адамдар келіп, өздері амандасып жатыр. Тіпті танымайтын үлкен кісі келіп, мақтап кетті" деді. Мен Әлиханға "Ол кімнің суреті" деген сұрақ қойдым. Ол "Ол атақты адам, оны сіздер білесіздер" деп жауабын қысқа қайырды. Балам үйге келген соң, барлығымыз таңғалдық. Қалай айнытпай салған деп таңданысымызды жасыра алмадық. Кейін мен Меруерт Дәулетоваға телефон соғып, алғысымды білдірдім", - дейді алматылық тұрғын.
Адамдар түрлі пікір айтты
Әлиханның бұл шаш үлгісіне үйде ешкім қарсы болмаған. Ақбота Балжанова баласының ерекше шаш үлгісі әлеуметтік желіде қалай пайда болғанын түсіндірді.
"Өткен аптада "Жаркент Арасан" шипажайына жолға шықтық. Баламыздың шаш үлгісін халық көрді. Олар түрлі пікір айтты. Біреуі қолдады, енді бірі "мұны істеудің не қажеті бар?" деді. Бірақ отбасымыз "бұл шаш үлгісін қалдырайық" деп шештік. Ешкім қарсы болған жоқ. Себебі, Абай Құнанбаев – қазақтың ұлы ақыны. Әжесі Әлиханға "Абайдың жолын берсін, елге сыйлы болсын" деп ізгі тілегін білдірді", - деді Ақбота Балжанова.
Сондай-ақ, ол ұлының Абай өлеңдеріне деген қызығушылығы оянғанын, Әлихан ақынның "Ғылым таппай мақтанба" деген өлеңін жаттап алғанын жеткізді.
Адамдар өздері амандасатын болды
Әп сәтте танымал болып шыға келген Әлихан Ерболаттың өзімен де сұқбаттастық. Ол Алматы қаласындағы №144 мектеп-гимназиясының 6-сыныбына көшіпті. Ерекше шаш үлгісін жасаған соң, көшедегі адамдар оған таңдана қарайтынын айтады.
"Шашымды өткен аптаның жұма күні алғыздым. Осыдан соң, аялдамада тұрған кезде адамдар бірден шашыма қарап, өздері амандасып "қайда алғыздың деп?" сұрайтын болды. Тіпті, бір бала шашымнан көзін алған жоқ. Ал кеше үлкен аға келіп, шашымды көріп, маған риза болып кетті. Мен Абайдың өлеңдерін білемін. Оның мағынасы терең, оны түсіне білу керек", - дейді алматылық оқушы.
Ол сүйікті пәндері математика, физика екенін, бірақ қазақтың ұлы ақынының өлеңін білу артық болмайтынын атап өтті.
Абай өлеңдері эстафетасы
Айта кетейік, осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев 9 жастағы мектеп оқушысы Ләйлім Рысқалидан Абай өлеңдерін оқу эстафетасын қабылдап, ұлы ақынның "Ғылым таппай мақтанба" өлеңін оқыды.
Кейін бұл Абай өлеңдерін оқу эстафетасын ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайберген, ресейлік композитор Игорь Крутой жалғастырды.
Келесі жылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өтеді.