Өңірлер

Өскемендік алаяқ жиһаз жасап беремін деп 16 адамды алдап кетті

Ол қажетті материалдарды алу үшін алдын ала төлем ретінде тапсырыстың 70%-ын талап еткен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде – Sputnik. Өскеменде сапалы әрі қолжетімді жиһаз жасаймын деп, екі айға жуық уақыт ішінде 16 адамның 2 миллион теңгесін қолды қылған алаяқ ұсталды.

Ол тапсырыс берушілермен жеке-жеке келісіп, тіпті артылып қалған ағаш жаңқаларынан үстел жасап беремін деп алдаған. Қажетті материалдарды сатып алу үшін алдын ала төлем ретінде тапсырыстың 70%-ын талап еткен, ал оның мөлшері – 39 мыңнан 247 мың теңгеге дейін.

Тағы оқыңыз: Қызылордада "таксистерді" ерекше әдіспен алдаған алаяқ қоғамдық резонанс туғызды

Бірінші кездесуден кейін ұшты-күйлі жоғалып кеткен "кәсіпкер" тапсырыс берушілерге мың түрлі сылтау айтыпты. Тіпті, өзінің жеке кеңсесінде қабылдап, адамдарды өтірігіне сендірген, деп хабарлады Алтайньюс.

Ақыр аяғында жәбірленушілер тарапынан полиция бөлімшесіне арыз-шағым түсе бастаған. Жедел іздестіру шаралары барысында алаяқ қолға түсті. Осыған дейін де істі болған ол, сот отырысында "Адамдарды алдаймын деген ойым жоқ еді, тапсырыс көбейіп, үлгермей қалдым" деген сылтауды алға тартқан. Алайда, осымен екінші рет алаяқтық жасаған қала тұрғыны 5 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, келтірген шығындарды өтеуге уақыт берілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.