Өңірлер

"Мен ішіп отырмын": Қостанайлық бала жедел жәрдем қызметін әбігерге салды

Медицина қызметкерлері баланың қайдан телефон шалғанын білмей дал
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде – Sputnik. Қостанайда белгісіз бала жедел жәрдем қызметіне бірнеше рет хабарласып, өзіне дәрігер жіберуді сұраған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол алгокольді ішімдік ішкені үшін ата-анасы жазалайды деп қорыққан.

"Бала бүгін сағат 14:00-де call-орталығына үздіксіз хабарласты. Ол бірнеше сағат бойы телефон соқты. Оның қоңырауы "103" желісіне түсе береді. Бала орталықтың жұмысына кедергі келтіріп отыр", - дейді Қостанай облысы жедел медициналық қызмет көрсету станциясының бас дәрігері Ирина Штейгервальд.

Белгісіз бала ұялы телефоннан хабарласып, өзіне адам жіберуді талап етеді.  

"Алло, мен мұнда ішіп отырмын. Адам жіберші, әйтпесе ата-анам келіп, мазамды алады. Достарыммен ішіп отырмын. Адам жіберші, әйтпесе соңы жаман болады", - дейді қостанайлық бала.

Жедел медициналық қызмет көрсету станциясының операторлары баланың өміріне алаңдап отыр. Ол сөз арасында "балконнан секіремін" деп те айтқан көрінеді.

"Осы уақытта бізге біреу хабарласа алмай жатуы мүмкін. Құрметті, ата-аналар, жазғы демалыс кезінде балаларыңызға сақ болыңыздаршы! Бұл жай ғана тентектік емес, оның салдары болуы мүмкін. Балаларыңыздың не істеп жүргеніне назар аударыңыздаршы", - дейді Ирина Штейгервальд.

"Мен ішіп отырмын": Қостанайлық бала жедел жәрдем қызметін әбігерге салды

Сондай-ақ бас дәрігер мұндай қоңыраулар ересектерден де түсетінін атап өтті. Мамандар ұялы телефоннан хабарласқандардың қайдан қоңырау шалғанын анықтай алмайды.

Облыстық полиция департаменті Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігіне бұл келеңсіз жағдайдан хабардар екенін, кімнің хабарласқанын анықтау үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Тәртіп сақшылары мұндай әрекет телефон "терроризміне" жатқызылатынын атап өтті.