Саясат

Назарбаев: үкімет пен әкімдердің жұмысын бақылауды барынша күшейту қажет

Қазақстанның Тұңғыш президентіне партияны жаңғырту жоспарын жүзеге асыру барысы баяндалды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде – Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады, деп хабарлады Елбасының ресми сайты.

Кездесуде Қазақстанның Тұңғыш президентіне партияны жаңғырту жоспарын жүзеге асыру барысы, сондай-ақ "Nur Otan" партиясының Түркістан облысы Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуы туралы баяндалды.

"Nur Otan" – еліміздегі басты саяси күш. Партия халыққа жақын болып, оның мұң-мұқтажын білуге және оған қолдау білдіруге тиіс. Қоғамда туындайтын мәселелерді шешуге көмектесу керек. Сондай-ақ, партиямыздың кадрлық құрамын мұқият зерттеу қажет. "Nur Otan" өз жұмысын одан әрі жетілдіруді жалғастыра беруге тиіс", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы "Nur Otan" партиясының өңірлердегі филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

"Бастауыш партия ұйымдарының жетекшілерімен, Саяси кеңес мүшелерімен, партияның өңірлердегі филиалдарының басшыларымен кездесу жоспарланған. Ұйымның барлық буынының ойдағыдай жұмыс істеуін қамтамасыз етудің маңызы зор. Сондай-ақ, партияның мәжілістегі және мәслихаттардағы фракциялары тарапынан үкімет пен әкімдердің жұмысын бақылауды барынша күшейту қажет", – деді Қазақстанның Тұңғыш президенті.

Тағы оқыңыз: Назарбаев Тоқаевпен кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев партиялық бақылау комиссияларының және орталық пен жергілікті жерлердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңестерінің жұмысын жақсарту мәселесіне тоқталды. Халықпен "кері байланыс" орнату құралдарының тиімділігін арттыру, соның ішінде партияның қоғамдық қабылдау орындарының қызметін жақсарту мәселелеріне де назар аударылды.

Кездесу соңында Елбасы партияны қайта жандандыру бағдарламасын әзірлеуді және оны "Nur Otan" партиясының Саяси кеңесі бюросының қарауына шығаруды тапсырды.