Нұр-Сұлтан, 27 шілде — Sputnik. Премьер-министр Асқар Мамин бастаған шенеуніктер сенбілікке шығып, өзен жағасындағы қоқысты жинады.
Асқар Мамин бастаған үкімет "Бірге – Таза Қазақстан" акциясына қатысып, Нұр-Сұлтан қаласындағы өзендер мен су қоймаларының жағалауын тазарту жұмыстарына қатысты, деп хабарлайды премьер-министрдің ресми сайты.
Акция аясындағы экологиялық сенбілік барысында Есіл және Қарасу өзендерінің, Вячеслав су қоймасы мен Майбалық көлінің жағасы қоқыстан тазартылды. Іс-шараға 5 мыңнан астам адам қатысты.
Үкімет мүшелері, елорда әкімдігінің қызметкерлері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, студенттер мен еріктілер он алты тонна қоқыс жинады.
"Бірге – Таза Қазақстан" экологиялық акциясын биыл 20 шілдеде Асқар Мамин өзі бастаған болатын. Қоянды су қоймасының аумағын тазалауға 1200 адам қатысып, 10 тоннадан астам қоқыс жинады.