Видео

"Бақытты отбасы" бағдарламасы: 2%-пен қалай баспана алуға болады - видео

Табысы төмен отбасыларға 2%-пен жеңілдетілген кредит алуға мүмкіндік беретін "Бақытты отбасы" тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастады.
Sputnik

Арзан кредит көпбалалы отбасылар, толық емес және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға беріледі.

Жылдық мөлшерлемесі - 2%, бастапқы жарна мөлшері қарыз сомасының 10 процентін құрайды. Егер бастапқы жарнаны 10%-тен артық құйсаңыз, ай сайынғы төлем де аз болады.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырауда қарыздың ең жоғары сомасы – 15 миллион теңге. Қалған қалаларда – 10 миллион теңге.

"Бүгінгі күні бізге 167 адам өтініш берді. Түгел құжаттарын жинап үлгергендер тапсырып жатыр. Қазіргі уақытта 135 миллион теңгеге 9 адамның өтініші мақұлданды. Банк мақұлдағаннан кейін тұрғындар үй іздей бастайды. Тапқан соң бізге келеді, біз кредит рәсімдейміз", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.

Бағдарлама бойынша жаңа салынған үйдегі пәтер, қолданыстағы пәтер немесе жер үй сатып алуға болады. Ол үшін тоғыз кезеңнен өту керек:

  1. Әкімдікте кезекте тұру;
  2. Тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісім жасау;
  3. Төлем қабілеттілігін дәлелдеу;
  4. Үй таңдау;
  5. Банк кредит алу туралы өтінішті мақұлдауы тиіс;
  6. Бастапқы жарнаны төлеу;
  7. Сатушымен сатып алу-сату шартын жасасу,
  8. Кредит алу;
  9. Жаңа пәтерге немесе үйге көшіп бару.