Саясат

Тоқаев Бауыржан Байбекке халық үшін аса маңызды тапсырма берді

Бауыржан Байбек президентке Nur Otan партиясының қазіргі жағдайы туралы баяндады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Байбек мемлекет басшысына Nur Otan партиясының қазіргі жағдайы, мемлекеттік органдармен өзара ықпалдастық тетіктерін жандандыру және президент әкімшілігімен бірлесе жұмыс істеу жөнінде мәлімет берді.

Сонымен бірге партия төрағасының бірінші орынбасары өңірлерге жасаған сапарларының қорытындылап, бастауыш партия ұйымдарымен жұмыс істеу және партия қатарын тазарту үдерісі туралы баяндады. Бауыржан Байбек демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы жұмысының тоқтағаны және партияның Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына институционалды қатысу жоспары жөнінде хабарлады.

Тағы оқыңыз: Байбек Назарбаевтың Құдайдан қандай белгі сұрағанын айтты

Тоқаев партия мен халық арасындағы байланысты күшейтудің маңыздылығын атап өтіп, партия мүшелерін ел өміріне белсенді атсалысуға және халыққа жақын болуға шақырды.

"Партия азаматтар үшін ашық әрі қол жетімді болуы, халықтың мүддесін тиімді қорғауы тиіс. Партияның қоғамдық қабылдаулары президенттің виртуалды қабылдауымен тығыз байланыста болып, тұрғындардың мәселелерін шешудің шынайы тетігіне айналуы қажет", – деді президент.