Қоғам

Тальго жолсеріктері пойызда жолаушы әйелді зорлады: сот үкім шығарды

Тальго пойызында жолаушы әйелді зорлаған екі жолсерікке қатысты сот үкімі шықты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 шілде – Sputnik. Қостанай облыстық соты Тальго пойызының екі жолсерігіне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жолсеріктер Жетес Үмбеталиев пен Қолқанат Құрманиязов Қылмыстық кодекстің 120-бабы 1-бөлігінің 1-тармағы (зорлау) бойынша кінәлі деп танылды. Олар 2 жыл 6 айға жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Жолсеріктердің ісіне қатысты сот шешімімен "НеМолчиKZ" қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дина Таңсәрі (Смайылова) өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

Құқық қорғаушы Дина Смайылованың айтуынша, сот аталған оқиғаны топпен жасалған зорлау әрекеті деп таныған жоқ. Ал бір сотталғанның үйқамақтағы мерзімін ескере отырып, бас бостандығынан айыру жазасын үш айға шегерді.

"Сот әрбіреуіне 2,6 жылдан берді. Ал үйқамақта отырғанның жазасын үш айға шегеріп тастады. Негізі, сот ең төменгі жазаны тағайындады. Ондай жаза тек өз кінәсін мойындаған адамдарға ғана беріледі. Ал олар кінәсін мойындамақ түгіл кешірім сұраған да жоқ. Енді, жалған ақпарат таратып жатыр. Біз осы мәселені ары қарай көтеретін боламыз", - деді Смайылова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Тальгодағы оқиға

Айта кетейік, бұл оқиға өткен жылы қыркүйек айында болған. Қорғаушылардың мәліметіне сәйкес, жас әйел Астанадағы ғылыми конференцияға қатысып, үйге қайту үшін Тальго пойызына билет алған. Купеге кіріп жайғасқанда ішінде бір жолаушы болды. Бірақ ол заттарын қойып, бірден ресторан-вагонға тамақ ішуге барған.

Купеге қайтып келгенде жолаушының орнында вагонның жолсерігі отырды. Үстінде майка мен трико, ал қолында сыра. Жолсерік жарты сағат бойы оған маза бермейді. Бірақ түнге қарай кетіп қалды. Ал таңғы 04:00 шамасында купені өз кілтімен ашып, әйелді зорлайды. Оның айқайлауға да шамасы келмеген.

Жолсеріктің артынан оның әріптесі кіріп, тура солай істеді. Биологиялық және геномды сараптама кезінде аталған қылмыстар расталды. Дегенмен, сотта бірінші жолсерік "жолаушы жақын танысуға" өзі келісім берді десе, екіншісі мүлдем жақындамадым деп ақталды.

Бұған дейін зардап шегуші Sputnik Қазақстан-ға күдіктілердің туыстары тарапынан қыспаққа алынғанын айтты. Ол шок жағдайында болғанын хабарлады. Ал ішкі істер органдарының қызметкерлері болса, бұл жағдай келісіммен болған жоқ па деген сұрақты талай мәрте сұраған.