Оқиға

Ақмола облысында қорықшыны өлтірген адам қалай ұсталғаны белгілі болды

Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының жеке құрамы дереу күшейтілген қызметке көшкен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik. Қазақстан Ішкі істер министрлігі Ақмола облысында "Охотзоопром" инспекторларына шабуылдады деген күдікке ілінген Арқалық тұрғыны қалай ұсталғанын хабарлады.

Министр Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, қылмыскерлерді анықтау және ұстау үшін еліміз бойынша "Ұстау" жоспары жарияланды. Қолдағы деректер барлық аймаққа жөнелтілді.

Оқиға орнына жақын орналасқан Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының жеке құрамы дереу күшейтілген қызметке көшті.

"Облыстық және республикалық маңызызы бар автожолдарға блок-бекеттер қойылды, үш облыстың автожолдары бойымен жедел-іздестіру топтары жіберілді", - деп жазылған министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Іздестіру жұмыстарына ІІМ ТЖК тікұшақтары, ІІМ Криминалдық полиция департаментінің және "Арлан" арнайы бөлімшесінің қызметкерлері қатысты.

Жоспарланған іс-шаралардың нәтижесінде күдікті анықталып, қамауға алынды.

Тағы оқыңыз: Ақмола облысында браконьерлер қорықшыны атып өлтірді 

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Арқалық қаласының тұрғыны күдікті ретінде анықталып ұсталды. Сондай-ақ, қылмыс орнынан 20 шақырымдай жерден "Нива" маркалы автокөлік табылды. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыс құралы мен оқ-дәрілер тәркіленді. Бірқатар криминалистік сараптамалар тағайындалды. Бұл қылмысқа басқа да қатысушылардың бар-жоғы тексерілуде.

Қорықшы Қ.С. Нұртазиновтың өліміне және қорықшы С.К. Оспановты өлтіруге оқталу әрекетіне байланысты ҚР ҚК-нің 99-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.