НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде — Sputnik. Ақмола облысы Жарқайың ауданын барлау кезінде "Охотзоопром" инспекторларына шабуыл жасалды, оқиға салдарынан қорықшылардың бірі қаза тапқан.
Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Ақмола тірек пункті "Охотзоопром" ӨБ РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары табиғатты қорғау заңнамасы бойынша құқықбұзушылықтарды анықтап, жолын кесу үшін өңірді шарлап жүрген.
Рейд кезінде ақбөкеннің ауланғаны анықталып, қорықшылар "Нива" көлігін мінген браконьерлердің соңына түседі. Көліктің мемлекеттік нөмірі қандай екені белгісіз. Қолда бар мәлімет бойынша, автомобиль Қостанай облысында тіркелген.
"Нива" көлігінен оқ атылып, салдарынан екі инспектор жарақат алды", - деп хабарлайды орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында.
Жарқайың ауданы әкімдігі Sputnik Қазақстанға хабарлағандай, 1976 жылы туған "Охотзоопром" инспекторы оқиға орнында қаза тапты. Кеудесінен оқ жарақатын алған ер адам дәрігерлер келгенше жан тапсырған.
1975 жылы туған екінші инспектор кеудесі мен иығынан жарақат алған.
Ақмола облысының полициясы күдіктілерді іздеп жатыр.
Қарағанды облысындағы қорықшы өлімі
Дәл осындай оқиға биыл қаңтар айында Қарағанды облысында болған еді. Браконьерлер "Охотзоопром" инспекторларына оқ жаудырған.
Оқиға салдарынан ауыр жарақат алған қорықшылардың бірі Ерлан Нұрғалиев ауруханада көз жұмды.