НҰР-СҰЛТАН, 16 шілде — Sputnik. Қазақстанда латын графикасына ауысу 2020-2035 жылдарға созылады деген мәліметті мәдениет және спорт министрлігі жоққа шығарды.
Бұған дейін "Известия" басылымы жариялаған жаңалыққа сәйкес, Қазақстан үкіметі "латын әліпбиіне көшуді тағы он жылға созу" мәселесін қарастырып жатыр-мыс.
"Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасының "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" жарлығына сәйкес Қазақстан үкіметі әліпбиді 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен ауыстыру үшін шаралар жоспарын бекітті", - деп мәдениет және спорт министрлігінің тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов Sputnik Қазақстан тілшісіне түсіндірді.
Латын әліпбиіне көшу шараларының жоспары үш кезеңнен тұрады. 2018-2020 жылдары нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру, жаңа әліпбидің жазу ережелерін құрастыру және мәтіндерді латын графикасына көшіріп жазатын IТ қосымашалар жасап шығару көзделген.
Тағы оқыңыз: Тоқаев латын әліпбиіне қатысты ұстанымын ашық білдірді
"Келесі кезең 2021-2023 жылдарға жоспарланған. Осы аралықта мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қабылдаған нормативтік құқықтық актілер латын графикасына көшіріледі, төлқұжат, жеке куәлік және басқа құжаттар айырбасталады", - деп атап өтті Мелдешов.
2024-2025 жылдары мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар іс қағаздарын латын әліпбиінде жүргізе бастайды. Мемлекеттік БАҚ пен білім беру мекемелері де латын графикасына ауысады.
"Қазір 2020-2025 жылдарға тілдерді дамыту және қолдану туралы мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп жатыр. Негізгі мақсат – латын графикасы негізінде қазақ әліпбиін жаңғырту", - деді Мелдешов.
Тағы оқыңыз: Латын әліпбиіндегі қазақша пернетақта қандай болады?
Айта кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшуі тиіс. Бұдан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев әліпбидегі кемшіліктер жайлы қоғамның пікірі ескерілетінін айтты.