Дерекқор

Ұшақ кешіксе, не істеу керек: жолаушының құқығы мен әуе компаниясының міндеті

Қазақстанда рейстердің кешігуінің басты себебі – ауа райы қолайсыздығы мен техникалық ақау. Қазақстан Республикасы заңнамасы жолаушылардың құқығын қалай қорғайтынын білген жөн
Sputnik

Әуе рейсі кешіксе немесе кейінге қалса, не істеу керектігін және кімге арыздануға болатынын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Тасымалдаушының кесірінен рейс кешіксе немесе кейінге қалса, сондай-ақ бағдар өзгерген кезде рейсті күту уақыты екі сағаттан көп болса, әуе компаниясы екі рет қоңырау шалуға, оның ішінде халықаралық байланыс желілері арқылы хабарласуға мүмкіндік беруі тиіс, бірақ сөйлесу ұзақтығы бес минуттан аспауы керек. Сонымен бірге жолаушы электронды пошта арқылы екі хабарлама жібере алады.   

Бұдан бөлек, рейсті екі сағат күтетін болса, әуе компаниясы жолаушыларға салқын сусын ұсынуға міндетті. Ал рейсті күту уақыты төрт сағаттан асса, ыстық тамақ беруі тиіс, әрі қарай күндіз алты сағатта бір, түнде сегіз сағатта бір тамақтандыруы қажет.

Күту уақыты күндіз сегіз сағаттан, түнде алты сағаттан асып кетсе, компания жолаушыларды қонақүйге орналастырады.

Тасымалдаушының кесірінен рейс кейінге қалып немесе он сағатқа кешіксе, жолаушының билеттің толық құнын қайтарып алуға немесе басқа рейс таңдауға құқығы бар.

Әуе компаниясы бұл шарттарды орындамаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Рейс туралы қайдан білуге болады?

Рейстің статусы туралы Call-орталықтардан білуге немесе әуе компаниясының ресми сайтынан қарауға болады.

  • Air Astana: Алматыда +7 (727) 244 44 77, Нұр-Сұлтанда +7 (7172) 58 44 77, ұялы телефон: +7 702 702 44 77.
  • SCAT: +7 (7252) 99 88 80
  • Bek Air: +7 (727) 354 50 00, ұялы телефон +7 701 733 45 76.
  • Qazaq Air: +7 (727) 3561414.

Әуежайлардың анықтама қызметі

  • "Нұрсұлтан Назарбаев" халықаралық әуежайы, Нұр-Сұлтан: +7 (7172) 70 29 99.
  • Алматы халықаралық әуежайы: +7 (727) 270 33 33.