Қоғам

"Барлығы үкіметке байланысты": Тоқаев халықты жиі мазалайтын мәселені шешуді тапсырды

Мемлекет басшысының атына халықтан тұрғын үй қорын басқаруға қатысты арыз-шағым көп түседі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халық тарапынан өзіне жолданатын негізгі мәселені шешуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Менің атыма коммуналдық қызметтердің бағасына, жалпы тұрғын үй қорын басқаруға қатысты көптеген арыз-шағым түседі. Осы орайда "Е-Шаңырақ" пилоттық жобасы қалай іске асып жатыр?", - деп сұрады Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, бүгінде тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Қазіргі кезде аталған құжат сенаттың қарауында жатыр. 

Тағы оқыңыз: Мамин: арендалық баспананың құрылысы екі есеге артады

"Осы заңның аясында көптеген мәселе шешіледі. Мәселен, "бір үй-бір есепшот-бір бірлестік" жүйесі болады. Сондай-ақ, "Е-Шаңырақ" электронды бағдарламасы енгізіледі. Бүгінде ол пилоттық режимде іске асып жатыр. Нәтижесі жақсы. Сонда үйдің әрбір тұрғыны барлық шешімді онлайн режимде көріп, дауыс бере алады. Ақшаның жұмсалуын да қадағалайды. Осылайша, ол өз үйін басқаруға қатысады", - деп жауап берді Скляр.

Президент тұрғын үй мәселесін үнемі бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді. Себебі аталған проблема халықты жиі мазалайды.

"Соңғы кезде ол проблема ушығып кетті. Оны шешуге қатысты ұсыныс жасаңыздар. Бүгінде кейбір адамдардың тарапынан баспанаға қатысты жоғары талаптар қойылады. Бірақ одан проблема шешіліп отырған жоқ. Барлығы үкіметке байланысты. Ал тұрғын үй мәселесін жіті бақылауда ұстау қажет" , - деді Тоқаев.

Тағы оқыңыз: Бірнеше пәтері бар 20 мыңнан астам адам салық төлемеген