НҰР-СҰЛТАН, 15 шілде – Sputnik. Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік компанияларда жергілікті мамандарға лайықты жалақы төлеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мен Атырауда жергілікті және шетелдік жұмысшыларға лайықты жалақы төлеп, әділеттілікті сақтауды тапсырдым. Үкіметке осы мәселенің анық-қанығына жетіп, шешуді тапсырамын. Асқар Ұзақбайұлы үкімет басшысы - Sputnik Қазақстан), осы жағдайды егжей-тегжейлі зерттеңіз. Соның ішінде жұмысшылардың еңбек жағдайы мен жалақысына байланысты сараптама жасаңыз. Егер инвесторлармен жасалған келісімшарттарға өзгертулер енгізу қажет болса, бұл мәселені күн тәртібіне қою қажет. Әрине, бұл – оңай шаруа емес, мұны түсінемін", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Тағы оқыңыз: Теңіз елді мекеніндегі жаппай төбелестің мән-жайы
Президенттің айтуынша, барлық мемлекеттік органның басты міндеті – ұлттық мүддені қорғау. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы отандық мамандардың кәсіби дайындығына және еңбек тәртібін сақтау мәселесіне баса назар аударуды жүктеді.
"Өкінішке қарай, "біздің жұмысшыларымыз жұмыс істегісі келмейді, тәртіп сақтамайды" деген пікірлер де жоқ емес", - деді Тоқаев.
Отырыс кезінде президент Теңіз кен орнындағы жағдай туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтан да сұрады. Әкімнің айтуынша, бүгінде арнайы комиссия құрылған. Әрбір кәсіпорынның ұсынысы негізінде тиісті шаралар қолға алынады. Мемлекет басшысы болса, бұл жағдайдың "бәріне сабақ болғанын" жеткізді.
"Болған оқиға бәрімізге үлкен сабақ болады. Бұл қайталанбауы тиіс. Мұндай оқиға біздің еліміздің беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан бұл мәселе барлық өңірге, сондай-ақ, барлық мемлекеттік органға, солардың ішінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, "Самұрық-Қазына" ұлттық қорына қатысты. Бұл – өте маңызды мәселе. Оны үнемі бақылауда ұстау керек", - деді Тоқаев.
Теңіздегі төбелес
29 маусым күні Теңіздегі 3GI зауытының мыңға жуық жұмысшысы ереуілге шыққан болатын. Бұған әлеуметтік желідегі сурет себеп болған. Фотоға Ливия азаматы Ели Дауд (Eli Daoud) пен қазақ қызы бірге түскен.
Суреттегі көріністі намысқа тиеді деп есептеген жұмысшылар ереуілге шығып, араб қызметкерлерін соққының астына алды.
Тағы оқыңыз: Теңіздегі тәртіпсіздіктің 3 басты себебі
Ал Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев оқиғаға ірі мұнай компаниясында жұмыс істейтін қазақстандықтар мен шетелдіктердің еңбек жағдайының тең еместігі себеп болғанын айтты.
Оқиғадан кейін 45 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Оқиғаға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды.