Өңірлер

Ақтөбеде 2 адам әкімдіктің жүз қызметкерін өлтіруді жоспарлағаны анықталды

Қылмыстық істе Жұбатов пен Әлиев қару сатып алу үшін танысына кредит алғызбақ болғаны айтылады  
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 шілде – Sputnik. Ақтөбе мамандандырылған ауданаралық соты өзге діндегілерге қарсы қарулы жиһад жасауға үгіттеген қала тұрғындарына үкім шығарды. Жанасыл Жұбатов 15 жылға, Әлібек Әлиев 13 жылға бас бостандығынан айырылды.   

Жұбатов пен Әлиев радикалды діни ағымды ұстанып, ДАИШ идеологиясын қолдаған, деп есептейді тергеушілер. Таныстарына өзге діндегілерге қарсы теракт жасауды насихаттайтын видеороликтерді көрсеткен. Жұбатов "Паллада" дүкеніне барып, өзіне таныс сатушыдан Макаров тапаншасының оғы мен 16-шы калибрлі аңшы мылтығын сатуды сұраған.

Тағы оқыңыз: "19 рет тұрмысқа шықты". Сириядан оралған қазақ әйелінің әңгімесі

Қылмыстық іс материалында олар әкімдіктің 100 қызметкерін қала сыртына алып шығып, өлтіргісі келгені айтылады. Ойындағысын іске асыру үшін Жұбатов танысына әкімдікке жұмысқа тұрып, қызметкерлер жұмысқа қашан келіп, қашан кететінін хабарлап отыруды ұсынған. Сондай-ақ олар экстремизм туралы істі қараған судьяны өлтіріп, оның ақшасын ДАИШ террористеріне қосылу үшін жолға жұмсауды жоспарлап қойған.

Жұбатов пен Әлиев өзге діндегілерге қарсы қарулы жиһад жасауға үгіттеген. Отарда әскери борышын өтеген бір танысынан 3 миллион  теңгеге автомат, гранатомет және өзге де қаруларды сатып алуға көмектесуін сұраған. Жарылғыш құрылғы жасап, ҰҚКД ғимаратын жарып жіберу айыпталушылардың жоспарында болған.

Сотта екеуі де терроризмді насихаттап, ұлт араздығын қоздырғанын, лаңкестік топты ұйымдастырып, қатысқанын мойындамады, деп жазды "Диапазон".

"Үйден қорап алып шықты, онда болттар, гайкалар, тістеуік, силикон, дәнекерлеу майы, сым болды. Кез келген еркек балконда құрал-сайман ұстайды, үйде жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Ал маған жарылғыш құрылғының компоненттерін сақтады деген айып тақты", - деді сотта Әлиев.

Үкім шығарылғаннан кейін сотталғандардың аналары журналистерге ұлдарына қысым жасап, ұрып-соғып, істі қолдан жасағанын мәлімдеді.

"Әкімдіктің 100 қызметкерін қала сыртына алып шықпақшы болған деп айыптады. Оған екеуінің шамасы келе ме? Мұндай іске бүтін бір әскер, ақша керек. Егер мойындамасаң, әйеліңді 5 жылға түрмеге отырғызып, балаларыңды балалар үйіне жібереді деп айтқан. Ұлым қол қоюға берген қағазын тіпті оқымадым да дейді. Оның еш кінәсі жоқ, үкімге шағымданамыз", - дейді Әлібек Әлиевтің анасы.