Қоғам

Этнограф қыз жасауына не беруге болмайтынын айтты

Қыз жасауына берілетін міндетті зат құрақ көрпеше екен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 шілде – Sputnik. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, этнограф Бибізия Қалшабаева қыз жасауы қандай болу керек деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қыздың жасауын қай кезден бастап жинаған дұрыс?

"Қазақта "жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді" деген сөз бар ғой. Бұл енді бұрын айтылған дүние. Ал қазір әркім көрпесіне қарай көсіледі. Жалпы ұзатылатын қызға жасау беру міндетті деп ойлаймын. Себебі қыз үйінен кеткен кезде, төркінінен жасаудан басқа ештеңе алмайды", - дейді этнограф.

Қалшабаеваның айтуынша, ертеректе қазақ халқы жасауға отауға дейін берген.

"Отау деп отырғанымыз киіз үй. Киіз үйдің қара шаңырағын ғана бермеген, себебі оны жігіт жағы беретін. Ал киіз үйдің кереге-уығын, есігін, яғни қалған бөлігін қыз жағы әкелетін",- деп түсіндірді ол.

Бұдан бөлек, этнограф бұрын қызға жасаумен бірге жетек мал да берілгенін атап өтті.

"Ұрғашы малды төрт-түлігі көбейіп, бай-бақуатты болсын деп беріп жататын. Жетек мал беру дәстүрі өткен ғасырдың 70-80 жылдарына дейін сақталды. Қазір мал беру деген жоқ. Бірақ қызының перзентіне, яғни жиеніне мал атау әлі күнге дейін кедеседі", - дейді Қалшабаева.

Қыз жасауына не беруге болмайды?

Қазір қыз жасауына үй тұрмысына қажетті керек-жарақтың барлығы берілетінін білеміз. Десе де, қазақ жасауға пышақ пен қазан беруді жаман ырым санаған.

Тағы оқыңыз: Сырға салу туралы не білеміз?

"Пышақты сатып алғызу деген бар. Яғни, пышақты берген кезде, жігіт жағы оны ақша төлеп, сатып алуы керек. Қазанға келетін болсақ, қазақта өз үйіңде қолданып жүрген қара қазанды басқа ешкімге беруге болмайды, әйтпесе ырысың сонымен бірге кетіп қалады деген наным бар. Бірақ, менің ойымша, дүкеннен алынған жаңа қазанды жасауға қосып бергенде тұрған дәнеме жоқ. Себебі ол мүлде пайдаланылмаған, жап-жаңа", - дейді Қалшабаева.

"Құрақ көрпе – міндетті"

Этнографтың айтуынша, қыз жасауына берілетін міндетті зат – құрақ көрпе.

"Құрақ көрпені құрақтай болып құралып, көбей деген ниетпен береді. Әдетте, құрақ көрпешені ісмер әйелдерді жинап, арнайы тіктіртеді. Құрақ көрпеше беру әлі күнге дейін міндетті", - дейді профессор.

Бұған қоса, Қалшабаева қыз жасауындағы махаббат көрпеге де тоқталды.

"Қазір махаббат көрпе деген шығыпты. Оңтүстіктен тараған сияқты. Шаңырақ көтергелі жатқан екі жастың көрпесін бөлек алып келеді", - деді ол.

Этнограф қыздың жасауын дайындаған кезде, ең бастысы, әсемділік пен әдемілікке назар аудару керек деп санайды.

Тағы оқыңыз: Сәлем салу: ескіліктің сарқыншағы ма, жоқ әлде әдептілік белгісі ме?

"Қызға берілетін көрпе-төсектің матасы да, түр-түсі де көз қызықтыратындай әдемі болуы тиіс. Қазір жұрт бір-бірімен жарысып, үйіп-төгіп апарғысы келеді. Жарысудың қажеті жоқ, әркім жағдайына қарай жасауы керек", - деп кеңес берді Қалшабаева.