Саясат

Тоқаев мемлекеттік сапармен Қырғызстанға барады

Бүгін Бішкекте Қазақстан мен Қырғызстан премьер-министрлерінің қатысуымен үкіметаралық кеңестің отырысы өтіп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Қырғыз еліне барады. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды Қазақстан үкімет басшысының баспасөз қызметі.

"Күзде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға мемлекеттік сапары болжануда. Сапар қарсаңында бүгінгі отырыс өтіп жатыр", - деді Мамин.

Айта кетейік, осы жылдың маусымында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Бішкекке барған. Бұл – мемлекет басшысының ұлықтау рәсімінен кейінгі шетелге алғашқы сапары. ШҰЫ аясында өткен кездесуде Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Тоқаевты өз еліне мемлекеттік сапармен шақырған болатын.

Тағы оқыңыз: Қырғызстандық ауыр жүк көліктерін Қазақстан арқылы өткізу тәртібі жеңілдейді 

Сонымен қатар бүгін, 12 шілдеде Қазақстанның үкімет басшысы Асқар Мамин қырғыз еліне ресми сапармен барды. Ол Қырғызстанның премьер-министрі Мұхаммедқали Әбілғазиевпен кездесті. Кездесу барысында қос елдің үкімет басшылары қырғызстандық ауыр жүк көліктері үшін рұқсатнамалық тәртіпті ырықтандыруға келісті.