НҰР-СҰЛТАН, 11 шілде — Sputnik. Forbes журналы ең көп табыс табатын танымал тұлғалардың тізімін жариялады.
Forbes рейтинг жасау кезінде жұлдыздардың 2018 жылдың маусымы мен 2019 жылдың маусымына дейінгі аралық есептелген. Салық пен команданың (менеджер, заңгер және т.б.) жалақысын төлегенге дейінгі сома есептелген.
Америкалық әнші Тейлор Свифт көш бастап тұр. Журналдың мәліметіне сәйкес, 29 жастағы әнші 185 миллион доллар тапқан.
Екінші орында косметикалық компания иесі, модель Кайли Дженнер. Оның табысы – 170 миллион доллар.
Ал америкалық рэпер Канье Уэсттің табысы - 150 миллион доллар.
Тізімді футболшы Лионель Месси (127 миллион) мен британдық музыкант Эд Ширан (110 миллион) жалғастырады.
Ең көп табыс табатын 100 жұлдыз тізіміне UFC-дің бұрынғы чемпионы Конор Макгрегор да енген (65-орын). Ол рейтингіге енген жалғыз ММА спортшысы. Forbes мәліметіне сәйкес, ирландиялықтың жылдық табысы - 47 миллион доллар. Оның 30 миллионын Хабиб Нурмагомедовпен жекпе-жегі үшін алған.