НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Түркістан облысы Сарыағаш қаласы Шекара қызметінің №2020 әскери бөлімі маңында құрғақ шөп өртенді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жақын маңдағы елді мекеннің өрт сөндірушілері дереу оқиға орнына аттанды.
"6 шілде сағат 21:02-де өртке қарсы қызмет пультіне №2020 әскери бөлім маңында құрғақ шөп өртенгені туралы хабар түсті. Тілсіз жау 22:35-те ауыздықталып, 22:57-де сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ", - делінген ІІМ ТЖ комитеті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Тағы оқыңыз: Ермекбаев Арыстағы жарылыстан қаза тапқан әскерилердің үйіне барды
Дала өртін сөндіруге жеке құрамның 22 адамы мен төрт арнайы техника жұмылдырылды.
Еске сала кетсек, 24 маусымда Түркістан облысының Арыс қаласында әскери бөлім аумағында оқ-дәрі жарылған еді. Қала тұрғындары дереу Шымкент пен көрші аудандарға көшірілді.