НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Домбыра қазақтың ұлттық аспабы ғана емес, халық мұрасы. Қазақ қашанда домбыраны қадір тұтып, төрге іліп, бағалаған. Киелі аспаптың құрметіне былтыр Елбасының жарлығымен Ұлттық домбыра күні бекітілді. Шілденің бірінші жексенбісінде аталып өтетін бұл мейрам биыл 7 шілдеге тұспа-тұс келіп отыр. Sputnik Қазақстан мереке құрметіне қазақтың қара домбырасын әлемге танытқан қазақстандық әртістер жайлы әңгімелейді.
Домбыраны Еуропа төрінде күмбірлеткен қазақ
Қазақтың ұлттық брендіне айналған домбыраны төрткүл дүниеге танытқан қазақ дегенде, ең алдымен, ойға Әміре Қашаубаев оралады.
Әміре Қашаубаев Парих сахнасында "Ағаш аяқ, "Қанапия", "Үш дос", Қос балапан" және тағы басқа әндерді орындады.
Асылбек Еңсепов
XXI ғасырда киелі аспапты әлемге танытып жүрген талантты қазақтың бірі – Асылбек Еңсепов. Күйшінің алғашқы ұстазы – әкесі, сазгер Жасарал Еңсепов. 1999 жылдан бері жеке өнер көрсетеді. Әкесі негізін қалаған ДЭККО (Д – домбыра, Э – эстрада, К – күй, К – компьютер, О – орындаушы) стилін дамытып келеді.
2011 жылы Беларусьте Асылбек Еңсеповтің жеке концерті өтті. Қазақ әртісі Минск қаласының сахнасында домбыраның қоңыр үнін күмбірлетті.
"Нағыз қазақ – домбыра"
Димаш Құдайберген миллиондаған тыңдарманның жүрегін ерекше даусымен ғана емес, түрлі аспапта ойнай алатын талантымен де жаулап алды.
Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания және Қытайда өткен жеке ән кештерінде де Димаш сахнаға киелі домбырамен шықты.
Әлем таныған "Ұлытау"
Халықаралық аренада домбыраның мерейін асқақтатқан топтың бірі – "Ұлытау". Этно-рок бағытында өнер көрсететін музыканттар әлемнің бірқатар елінде концерт беріп үлгерді. Топ 2001 жылы белгілі продюсер Қыдырәлі Болмановтың жетекшілігімен құрылған болатын.