Елорда тынысы

"Қиындықтар болды": Ильин елорданың қалай салынғанын еске алды

Биыл қазақстандықтар Елорда күнін 21-ші рет атап өтіп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik, Дәурен Ерболат. Елорданың байырғы тұрғыны Валерий Ильин мерекеге орай Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат беріп, бас қаланың қалай бой көтергенін еске алды.

"Ұлы көш"

Валерий Ильин бұрынғы Ақмола, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында 1953 жылы дүниеге келген. Қазір зейнетте. Бас қалада тұрып жатқанына 66 жыл болыпты.

Айтуынша, тоқсаныншы жылдардың басында Ақмолада шамамен 300 мың адам тұрған. Сол жылдары Қазақстан астанасын Алатау бөктерінен Сарыарқа төріне көшіруге халық күмәнмен қараған екен.

"Қиындықтар болды": Ильин елорданың қалай салынғанын еске алды

"1994 жылдан Қазақстан астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру жұмыстары басталды. Оның нақты іске асатынына адамдардың көбі сенбеп еді. Бірақ бұл жоспар жүзеге асты. 1997 жылдың қарашасында мемлекеттік рәміздер Ақмолаға әкелінді. Бұл оқиға қаланың басты алаңында салтанатты түрде өтті. Осы шара әлі есімде. 1997 жылдың 10 желтоқсанында президенттің жарлығымен елордамыз Алматыдан Ақмолаға ресми түрде ауыстырылды. Осыдан соң, алматылықтардың "ұлы көші" басталды", - деді Валерий Ильин.

"Асығыс шешім емес"

1998 жылдың мамырында Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Елорданың байырғы тұрғыны бұл жаңалықты достарына бірінші болып жеткізген екен.

"Жұмыстан келе жатып, радиодан осы жаңалық туралы естідім. Бірден достарыма хабарластым. Бұл кездері интернеттің дәурені әлі жүре қоймаған. Адамдар жаңалықты көбіне радио мен теледидар арқылы білетін.

Ал бір айдан соң, бас қаланың тұсаукесер рәсімі өтті.

Бұл асығыс шешім болған жоқ. Тіпті, тарихқа көз жүгіртсек, ҚазКСР астанасын Орынбордан Қызылордаға көшіру кезінде Сәкен Сейфуллин бас қаланы Ақмолаға көшіруді ұсынған болатын", - де әңгімеледі ол.

Астана күні алғаш қалай мерекеленді

Елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі екі күн қатарынан – 9-10 маусым күндері тойланған.

"Ресми және бейресми іс-шаралар көп болды. 9 маусым күні таңертең "Отан қорғаушылар" ескерткішінің іргетасы қаланды. Елбасының қатысуымен түркітілдес мемлекет басшыларының саммиті өтті. Кешкісін Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда театрландырылған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Оған сол жылдары Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқып жүрген қызым да қатысты", - деп еске алды елорда тұрғыны.

Тағы оқыңыз: "Елбасының теңдессіз ерлігі": Тоқаев Елорда күнімен құттықтады

Осы орайда ол Астана күнін мерекелеу алғаш қалай басталғанын айтып берді.

"10 маусымда түркітілдес мемлекет басшылары мен құрметті қонақтар аллеясының іргетасы қаланды. Концерт, театрландырылған көрініс, мерекелік карнавал өтті. Қызыл костюмдегі, басына кивер киген, қолында барабаны бар қыздар есімде қалыпты. Кейін қаладағы басты алаңда әлемдік эстрада жұлдыздарының қатысуымен дүркіреп гала-концерт ұйымдастырылды. Концерт таң ата, мерекеге орай жазылған әнмен аяқталды. Ол әннің шумақтары әлі есімде", - дейді Валерий Ильин.

Қазақстанның бас қаласы қалай салынды

Әңгіме барысында елорда тұрғыны Нұр-Сұлтан қаласының қалай бой көтергенін еске алды.

"Менің ойымша, бастапқы жылдары қаланы салуға ақша жетіңкіреген жоқ. Шаһардағы алғашқы ғимараттар елімізбен достық және ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан мемлекеттердің қаражаты есебінен салынды. Мәселен, Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі Кувейттің, "Нұр-Астана" мешіті Катардың қаржысына тұрғызылды", - деді ол.

"Қиындықтар болды": Ильин елорданың қалай салынғанын еске алды

Айтуынша, алғашқы жылдары қаланы салу кезінде біраз қиындық болған.

"Уақыт өткен соң, барлығы орнына келді. Инвесторлар жаңа қалаға қаржы құя бастады. Сол жағалауда ғана емес, тарихи маңызы зор Есіл өзенінің оң жағалауында да ғимараттар салынды. Мен үшін сол жағалаудағы құрылыстың басталғанын білдіретін символ – "Бәйтерек". Алғашында ол қазақтың дарқан даласындағы жалғыз терек сияқты елестейтін. Ал қазір аспанмен таласқан ғимараттардың ортасында тұр", - дейді зейнеткер.

"Ауа райы жанға жайлы бола бастады"

Валерий Ильин астананың қытымыр қысы мен желді жазынан жалықпағанын айтады.

"Бұл – мен үшін қалыпты құбылыс. 1970 жылдың наурызында Алматыға шұғыл іс-сапармен аттандым. Ондағы тұрғындар көшеде жеңіл көйлек пен пиджакпен жүрді. Ал Целиноградта сол уақытта 40 градус аяз бен боран соғып тұрды. Қалаға оралғанымда, боранның беті қайтпаған еді. Қазір ондай жоқ. Маған күлетін шығарсыздар, бірақ соңғы жылдары елорданың ауа райы жанға жайлы бола бастады", - дейді астаналық.

"Мен сол жағалауда туристпін"

Елорданың байырғы тұрғыны қаладағы сүйікті жерлері туралы да айтып берді.

"Сүйікті орындарым оң жағалауда орналасқан. Менің бар өмірім осы қалада өтті, бұл менің қара шаңырағым. Ал сол жағалауда мен туристпін. Соңғы жылдары оң жағалау да көркейе түсті. 200 жылдық тарихы бар, қазақтың дарқан даласындағы шаһардың рухы осында", - деп қорытты әңгімесін ол.