Қоғам

Арыстағы жарылыстың себебін анықтау кезінде спутниктің суреттері пайдаланылады

Ішкі істер вице-министрі жарылыстың мән-жайын анықтауға біраз уақыт кететінін атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 шілде – Sputnik. Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчиди Арыста болған жарылыстың себебі қалай анықталатынын түсіндірді.

Оның айтуынша, қазіргі кезде бұл жұмыспен министрлікке қарасты әскери-тергеу басқармасы айналысып жатыр. Аталған құрылымның мамандары бірінші күннен бастап Арыс қаласында жүр.

"Мамандар жарылыстар мен өрттің басылғанын күтті. Себебі оқиға орнын жан-жақты қарап шығу қажет. Әзірге әскери қоймалар толығымен босатылған жоқ. Дегенмен куәгерлер мен зардап шеккендерден дәйек алу, зақым келген үйлерді қарау шаралары бірден басталған болатын", - деді Калайчиди Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Ал "ондай жойқын жарылыстар мен алапат өрттен кейін апат болған жерде қандай да бір із қала ма?" деген сұраққа Калайчиди былай жауап берді: "Бәрібір бір нәрсе қалады. Ондай оқиғаларды зерттеудің өзіндік әдіс-тәсілдері бар".

Біріншіден, оның айтуынша, снарядтардың қалай жарылғаны зерделенеді.

"Бізде өзіміз түсірген, халық жазып алған видеолар бар. Сосын дрондар да түсірді. Осының бәрі әрбір жарылыстың көлеміне және болған уақытына қарай зерттеледі. Екіншіден, қоймаларды қарап, оған найзағай түсті ме, электр сымдары тұйықталып қалды ма, біреу әдейі өрт қойды ма, салғырттық па, соның бәрін анықтауға болады", - деп түсіндірді Калайчиди.

Тағы оқыңыз: Кешірім сұрайтын себеп көріп тұрған жоқпын - министр Арыстағы жарылыс туралы

Ол аталған жұмысқа біраз уақыт кететінін атап өтті. Себебі көптеген сараптама жасау қажет. Әскери қойманың аумағы да үлкен, 500 гектардан асады. Бұдан бөлек, снарядтар ұшқан территорияны қарап шығу қажет.

"Қажет болса, спутниктің суреттерін де пайдаланамыз. Негізі ондай тергеу амалдары бір айда бітпейді. Заң бойынша бастапқыда екі ай, одан кейін оны тағы ұзартып отырады. Кінәліні анықтау үшін қажетті дерек-дәйекті жинап шығу қажет. Арыста біраз адамнан дәйек алу керек. Оған көп уақыт кетеді", - дейді Калайчиди.