НҰР-СҰЛТАН, 4 шілде — Sputnik. Павлодарда көшедегі дәретханаға екі жасар қыз құлап кетті.
Оқыс оқиға сәрсенбі, 3 шілде күні болды, деп хабарлады pavlodarnews.kz.
Сағат 13:25-те құтқарушыларға Павлодарда ауладағы дәретханаға екі жасар қыз құлап кеткендігі туралы хабарлама келіп түскен.
"Оқиға орнына бір техника мен төрт құтқарушы шықты", - деп хабарлады облыстық ТЖД.
Құтқарушылар дәретхананың еденін ашып, альпинистік құрал-жабдықтардың көмегімен төмен түсіп, баланы алып, медицина қызметкерлеріне тапсырды.
"Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына шақыру түскеннен кейін сегіз минуттан соң келіп жетті", - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Тағы оқыңыз: Әжетханаға түсіп кеткен телефонды аламын деп үш адам ажал құшты
2017 жылы туған бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Ол дәретхананың шұңқырында қанша уақыт болғаны белгісіз.