НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде — Sputnik. 15-ші халықаралық "Еуразия" кинофестивалі аясында Татарстан киносы күндері басталды.
Сейсенбі күні Рабит Батулланың "Кешір мені, ана" атты пьесасының желісі бойынша түсірілген "Инсаф" толықметражды көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Режиссері - Фарида Давлетшина. Сондай-ақ, киносүйер қауым Гаяз Исхаки туындыларының негізінде түсірілген "Остазбикэ" қысқаметражды фильмін тамашалады. Туындыны режиссер Ренат Каримов-Сайга түсірген.
Жұма, 5 шілдеде режиссер Юлия Захарованың "Халима" және Амир Галиаскаров пен Насур Юрушбаеваның "Отчий дом" көркем фильмі көрсетіледі ("Ханшатыр" ОСО, "Чаплин" кинотеатры, Тұран даңғылы, 37).
"Татарстанмен бұрыннан бері жақсы қарым-қатынас қалыптасқан. Сондықтан бізде татар киносы күндерін өткізу артық болмайды деп шештік. Татарстанның киноиндустриясы қызық, көрсетерлік туындылары жетерлік. "Татарлармен" мұнда ешкімді таңғалдырмаймыз, бірақ қуантамыз деп ойлаймын", - деді "Еуразия" кинофестивалінің президенті Ермек Тұрсынов.
Тағы оқыңыз: Еуразия кинофестиваліне Голливуд жұлдызы келеді
Оның айтуынша, биыл "Еуразияға" деген қызығушылық арта түскен.
"Фестивальдің бағдарламасына енген туындылар өте мұқият іріктелді. Негізінен байқауға 12 картина алынды. Олар Канн, Венециядағы ірі халықаралық кинофестивальдерде жеңген. Бәрі "А" санатындағы фестивальдер саналады. Элеонора-Граната Дженкенсон бағдарламалық директор болған. Ол венециялық фестиваль, "Таллин түндері" фестивальдері кезінде өте көп фильмді іріктеді. Сондықтан Қазақстанға шақырдық. "Еуразия" тарихында мұндай аншлаг болған емес. Көрермен көптеп келіп жатыр", - деді Тұрсынов адамға лық толы зал мен дәлізді көрсетіп.
Айта кетсек,"Еуразия" халықаралық кинофестивалі астанада 20 маусым мен 6 шілде аралығында өтеді.
Негізгі байқауға Қазақстаннан Фархат Шәріповтың "Тренинг личного роста" картинасы ұсынылады. Туынды 2019 жылы өткен Мәскеудегі 41-ші халықаралық кинофестивальде Гран-приге ие болған еді.
Бұл материалды Sputnik Қазақстанның орысша нұсқасынан да оқи аласыз.