Мәдениет

"Современник" театры Қазақстанға келді – Сергей Гармашпен ашық әңгіме

Танымал актер Сергей Гармаш Sputnik Қазақстанға агенттіктің "Театр және жастар" мультимедиялық жобасы аясында эксклюзивті сұқбат берді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. "Современник" театры Қазақстан астанасына "Горе от ума" және "Вишневый сад" қойылымдарын алып келді. Ресей театры қазақстандық көрермендерге Антон Чеховтың "Вишневый сад" пьесасы мен Александр Грибоедовтың "Горе от ума" спектаклін қояды.

Айта кетсек, "Современник" театрының Нұр-Сұлтан қаласына гастрольдерін Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ресейдің Қазақстандағы елшілігі, Ресейдің мәдениет және ғылым орталығы ұйымдастырды.

"Жылы қабылдады"

Сергей Гармаш соңғы рет Қазақстанда 2012 жылы қойылым қойған. Ол кезде ресейлік әртістер "Враги" және "С наступающим" спектакльдерімен келіпті.

"Бізді жылы қабылдады. Мен үшін қай елде немесе қай қалада өнер көрсетіп жатқанымыз маңызды болған жоқ. Өте ашық, тамаша көрермендері бар", - дейді Гармаш.

Жастар театрға қаншалықты жиі келеді?

Белгілі актер "Современник" театрында жастардың өнерге деген қызығушылығын ояту бағытындағы жұмыс қалай жүріп жатқанына тоқталды.

"Ақпан айында театрда 12 жылдай істейтін жас актер Шамиль Хаматов бастама көтеріп, достарымен бірге  "Іздеу" атты жоба ұйымдастырды. Бұл жоба, негізінен, "Басқа сахна" аумағында өтті. "Басқа сахна" дегеніміз біздің кіші сахнамыз. Ол жерде жас авторлар пьеса оқып, қойылыммен танысты. Жас режиссерлер, тіпті студенттерге дейін келді. Мұның бәріне көрермендер интернет-жазылу арқылы, билетсіз шақырылды. Осы жоба кезінде театрға келген жастар қарасы қалың болды. Осыдан-ақ, біздің театр мен жастар арасындағы байланыс қандай деңгейде екенін байқауға болады", - дейді актер.

Тың бастама "Современник" театрында әлі де жалғасып жатыр екен.

"Менің өмірімде де дәл солай болды"

Гармаштың айтуынша, ол үшін театр мен кино біртұтас ұғым.

"Современник" театры Қазақстанға келді – Сергей Гармашпен ашық әңгіме

"Мен кино мен театр саласында диплом алған сәттен бері істеп жүрмін. Бұл менің бар ғұмырым. Мен үшін ажырамас ұғым. Түсінесіз бе, театр мен кино – мүлде екі түрлі өнер. Маған сол екеуімен де айналысу бақыты бұйырған, бұл мен үшін қуаныш. Мәтін, костюм, грим секілді екеуіне де ортақ дүниелер бар, әрине. Бірақ, қалғаны – өндірістік, шығармашылық сәттер бір-біріне мүлде ұқсамайды. Дипломымда "театр және кино әртісі" деп жазылған. Құдайға шүкір, менің өмірімде де дәл солай болды", - деп ағынан жарылды актер.

Гармашты Қазақстанмен не байланыстырады?

Актердің айтуынша, Шымкентте өзімен бірге әскери борышын өтеген досы тұрады екен. Бірнеше жыл бұрын екі дос Ресейде кездесіпті.

"Современник" театры Қазақстанға келді – Сергей Гармашпен ашық әңгіме

"Әскерде бірге болған тағы бірнеше досым бар. Қазақстаннан тұтас бір рота болған еді. Өкінішке қарай, біразымен байланысымыз үзіліп қалды", - дейді ол.

Бұған қоса, Гармаш белгілі әртіс Талғат Нығматулиннің әйелі Венера Нығматулинамен де дос екен.

Толық сұқбатты Sputnik Қазақстанның орысша нұсқасынан оқи аласыздар.