НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде — Sputnik. Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясы барысында депутаттар "Есіл" ауданының жаңа әкімін тағайындауды мақұлдады, деп хабарлады Астана қаласы әкімінің ресми сайты.
"Есіл" ауданының әкімі қызметіне Берік Жәкеновтің кандидатурасы ұсынылды. Мәслихат депутаттары ұсынылған кандидатураны бірауыздан мақұлдады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Берік Жәкенов туралы не білеміз?
1978 жылы25 тамызда Целиноград қаласында дүниеге келген. "Экономист" мамандығы бойынша Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін аяқтаған, Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетінде "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығы бойынша экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2000 жылы Ақмола облысы Көкшетау қаласының Салық полициясы органдарынан бастаған.
2001 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің 83205 ә/б қызмет еткен.
Астана қаласы бойынша Салық комитетінің ақпараттық жүйелерді енгізу және сүйемелдеу бөлімінің маманы, Қазақстан Республикасының салықтық органдарында үлкен қызмет өтілі бар. 2007-2009 жылдары Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі болды.
2009 жылы Қарағанды облысы бойынша Салық департаменті бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.
2010 жылы Астана қаласы "Нұр Отан" ХДП хатшылығының меңгерушісі, 2011-2014 жылдары Қазақстан Республикасының қаржы министрлігінде қызмет етіп, кейін Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің "Сарырарқа" ауданы бойынша салық басқармасын басқарды.
2015 жылы Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігі басшысы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігі мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы лауазымын атқарды.
2016 жылдың қазанынан бастап 2 шілдеге дейін Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппаратының басшысы болды.