НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. ҚР Бас әскери прокурорының орынбасары Дархан Ержанов Арыс қаласындағы жарылысқа қатысты қозғалған қылмыстық іс ұзақ тергелуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол Арыс қаласындағы төтенше жағдайға қатысты ҚР қылмыстық кодексінің 462-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатқанын атап өтті.
"Қару-жарақпен, оқ-дәрiмен немесе қауіп төндіретін өзге де заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзып, бұл абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан жағдайда – күдіктіні бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген", - деді Дархан Ержанов.
Бас әскери прокурордың орынбасары қылмыстық істі тергеу үшін ішкі істер министрлігінің тәжірибелі қызметкерлері енген жедел-тергеу тобы құрылғанын жеткізді.
"Заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау, қылмысты тез ашу, кінәлі тұлғаларды анықтау мақсатында тергеуге әскери және жергілікті прокуратуралардың қызметкерлері қатысуда. Құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру үшін мүдделі ведомстволармен бірлесе отырып тергеп-тексеру жоспары әзірленді", - деді ол.
Оның айтуынша, тергеудің бастапқы кезеңінде жағдайдың мән-жайын анықтауға, адам өліміне не себеп болғанына баса назар аударылады.
Тағы оқыңыз: Беккер Арыстағы таңғаларлық жайт туралы айтты
"Оқиға орны тексеріліп, іске қатысы бар құжаттар алынып жатыр. Келтірілген залал анықталуда. Қазіргі кезде 100-ден аса адамнан жауап алынды. Сонымен қатар, болжамды нұсқалар, олардың арасында өрт қауіпсіздігін сақтамау, лауазымды тұлғалардың салғырттығы және тағы басқа себептер қаралып жатыр", - деді Дархан Ержанов.
Бас әскери прокурордың орынбасарының пікірінше, мұның бәрі тексерілетін болады. Оқ-дәрі сақталатын қоймалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражаты қаншалықты дұрыс пайдаланылғаны да қаралады. Ержанов жарылғыш заттардың дұрыс жиналуы, қоймаларда анықталған кемшіліктердің уақтылы жойылған-жойылмағанына қатысты әскери қызметшілердің әрекеті тексерілетінін айтты.
"Тергеу нәтижесінде жауапты тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Тергеп-тексеру барысы Бас прокурордың бақылауында", - деді ол.
Сөз соңында Дархан Ержанов қылмыстық істі тергеу ұзаққа созылуы мүмкін екенін айтты.
"Қылмыстық процессуалдық кодекске сәйкес, қылмыстық іс 2 ай тергеледі. Егер 2 айда тиісті айғақтар жиналмаса, істі тергеу уақыты созылады. Тіпті, 3-5 айға дейін жетуі мүмкін. Бұл өте күрделі қылмыстық іс. Тергеу жүргізіліп жатыр. Көп жұмыс істеу керек", - деп түйіндеді сөзін бас әскери прокурордың орынбасары.
Арыстағы төтенше жағдай
24 маусымда Түркістан облысындағы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала жанындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған.
Жергілікті тұрғындардың үрейі ұшып, үйлерін тастап қаша бастады. Халықты Шымкент және басқа көршілес елді мекендерге эвакуациялау басталды.
Тағы оқыңыз: Министр: қалада снаряд жарылған жоқ
Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты: бір тұрғын және екі әскери қызметкер.
Төтенше жағдай салдарынан келген шығын мөлшері 20 миллиард теңге шамасында деп болжанып отыр.