НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. Қазгидромет синоптиктері 3 шілдеге ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ елордада ауа-райы күрт бұзылатыны туралы дабылды ескерту жарияланған.
"Қазақстанның солтүстік пен солтүстік-батысында қатты жаңбыр жауады. Ал оңтүстікте шаңды дауыл көтеріледі. Республиканың оңтүстік-батысында ғана ауа-райы жауын-шашынсыз болады", - деп хабарлайды метеоқызмет.
Сонымен бірге 3 шілдеде жел күшейіп, бұршақ жаууы да әбден мүмкін.
Ірі қалалардағы ауа-райы
- 3 шілде күні Нұр-Сұлтанда күндіз найзағай ойнап, жел соғады. Бұршақ түседі. Ауа температурасы 22-23 градус жылы болады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні - 23 м/с.
- Алматыда күн құбылмалы, жаңбыр жауады. Күндіз термометр 18-23 градусқа дейін нөлден жоғары көтеріледі.
- Ал Шымкентте 28 градус ыстық болады. Синоптиктердің болжамы бойынша, найзағай ойнап, жаңбыр жауады.
Өңірлердегі ауа-райы
3 шілде күні Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында кей жерде қатты жаңбыр жауады. Найзағай ойнап, дауыл соғады. Сондай-ақ бұршақ түсуі мүмкін. Желдің екпіні - 28-30 м/с.
Қостанай облысының тұрғындарына да қолшатыр ұстауға тура келеді. Ертең өңірде найзағай ойнап, бұршақ жауады. Оңтүстік-батыстан және батыстан соққан желдің екпіні, әсіресе, түнде 23 м/с дейін жетеді.
Таңертең Ақтөбе мен Қызылорда облыстарында күн бұзылады. Бұл өңірлерде де найзағай ойнап, жел соғады.
Тағы оқыңыз: Астролог шілде айына болжам жасады: қазақстандықтарды не күтіп тұр?
Түркістан облысында шаңды дауыл болуы ықтимал. Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Атырау мен Қызылорда облыстарында жел тұрады.
Ал Маңғыстау, Павлодар, Батыс Қазақстан мен Шығыс Қазақстанда желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді.
Сонымен бірге синоптиктер Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл мен Алматы облыстарында өрт қаупі бар екенін ескертті.