НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. Гүлзира Айдарбекова өзінің өмірлік ұстанымы мен отбасындағы келін-бала тәрбиесі туралы ойымен Қарақатпен шай бағдарламасына берген сұқбатында бөлісті.
Қарақат бағдарлама қонағынан келін тәрбиелеудің сыры қандай, он жыл бойы келініңіз Жұлдыз "мен отырып қалдым ғой" деп анасы ретінде сізге өкпе-ренішін айтқан жоқ па? деген сауал қойды.
"Маған оны көрсетпеңдер дедім..."
"Мен тек отбасына емес, бүкіл елге есеп беремін. Сол үшін маған қиын болады. Жұлдызға: "Сен менің артымнан ерген келінсің, өмірімнің жалғасысың, қай кезде болса да, көмегің керек дедім. Ең бастысы, Қайратпен менің көзімше ұрсыспаңдар деп сұрадым. Өз бөлмелеріңде ұрсысыңдар. Маған оны көрсетпеңдер дедім. Менің сол сөзімді Жұлдыз қаншама жылдар бойы орындап келді", - деді Қайраттың анасы.
Бұдан соң жүргізуші Гүлзира Айдарбековадан: "Жұлдыз кәсіби актриса екенін жұртшылыққа дәлелдеді. Өнерді де, өмірді де бірге алып жүруге болады, осы қыздың бағын байладым-ау деген бір әттеген-ай болмай ма?" дегенді де сұрады.
Оның айтуынша, Қайраттан кейінгі екі ұлы да жеке кәсіппен айналысады.
"Тамақты Қайраттың ақшасына алмаймыз. Аян әкеледі, үйдің шығынын Заңғар төлейді. Әкесі бауырлары бір-бірімен дүние бөліспесін деп үйретеді. Келіндерді біраз жыл қолымызда ұстайтынымыз да сол", - деді Гүлзира Айдарбекова.
Тағы оқыңыз: Роза Рымбаева сұқбат кезінде жылап қалды
Қайраттың анасы баласынан басқа Мейрамбек Беспаев, Ұлықпан Жолдасов, Мақпал Жүнісова, Саят Медеуов пен Қарақаттың әндерін сүйіп тыңдайтынын айтты. Алдағы уақытта немерелері Алау мен Ханға продюсер болуды армандайтынын да жасырмады.