Өңірлер

Арыстағы жарылыс: қала тұрғынының шкафтағы 2 миллиондай ақшасы жоғалды

Қазіргі уақытта Арыс қаласындағы ұрлық фактілерін тергеу үшін 48 жедел-тергеу тобы құрылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Арыстағы жарылыс кезінде тұрғындардың жеке мүлкі ұрланғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ұрлық фактілерін тергеу үшін арнайы топ құрылған.

"48 жедел-тергеу тобы құрылды. Олар қаланың әр ауданында жұмыс істейді. Яғни азаматтар үйлеріне барған соң, нәрселерінің жоқ екенін, басқа да кемшіліктерді байқаса,  полиция қызметкерлеріне арыз қалдыра алады", - дейді Владимир Беккер.

Осы орайда ол тұрғындардан қандай арыз келіп түсіп жатқанын жеткізді.

"Тіпті "шкафта 1,8 миллион теңге жатқан. Бұл ақша жоғалып кетті" деп арыз қалдырғандары бар. Бірден түсіндіріп өтейін, кеше полицияға 85 арыз түсті. Тәртіп сақшылары тиісті жұмыстарды жүргізген соң 13 адам арызын кері қайтарып алды. Жеке мүлікті ұрлау фактілері бар. Кейбір тұрғындардың көлігін айдап кеткен. Менің ойымша, бұл мәселе шешіледі", - деп түйіндеді сөзін төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы.

Арыстағы төтенше жағдай

24 маусымда Түркістан облысындағы Арыс қаласында жарылыс болды. Қала жанындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарыла бастаған.

Жергілікті тұрғындардың үрейі ұшып, үйлерін тастап қаша бастады. Халықты Шымкент және басқа көршілес елді мекендерге эвакуациялау басталды.

Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты: бір тұрғын және екі әскери қызметкер.

Тағы оқыңыз: Шөкеев арандатушылық жасағысы келетіндер туралы айтты

Қорғаныс министрі төтенше жағдайдың алдын ала себептерін атады. Оның айтуынша, жарылыстарға электр желісінің тұйықталуы, оқ-дәрідегі химиялық реакция, диверсия, бөтен бір заттың тиіп кетуі, шөптің жануы себеп болуы мүмкін. 

Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен екі бала 28 маусым күні Шымкенттен астанаға жеткізілген болатын. Кеше дәрігерлер бір баланың жағдайы дұрысталғанын айтты. Екінші бүлдіршін әлі де жансақтау бөлімінде жатыр.