Өңірлер

Араб компаниясының басшысы қазақстандықтардан кешірім сұрады

ССЕР компаниясының басшысы жанжал шыққан бойда Атырау облысына келген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде — Sputnik. "Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore" (ССЕР) бас директоры Кауаш Хишам Теңізде болған оқиға үшін Қазақстан халқынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Кауаш Хишам әлеуметтік желілерде жарияланған видеоүндеуінде Теңіз жұмыс кентіндегі ССЕР компаниясының қызметкерлері арасында жанжал шыққанын білген бойда жағдайды реттеу үшін бірден Атырау облысына келгенін айтады.

"Қайырлы күн! Мен Эли Даудтың іс-әрекеті үшін барлығынан кешірім сұраймын. ССС басшылығы мен қызметкерлерінің атынан бұл ССС-дің саясатына, құндылықтары мен қағидаттарына сәйкес келмейтін келеңсіз оқиға болғанын мәлімдеймін. Осы оқиға туралы білгеннен кейін онымен арадағы келісімшарт бұзылып, ол жұмыстан босатылды", - деді Кауаш Хишам өзінің үндеуінде.

Оның айтуынша, компания осы жағдайға қатысты ішкі тергеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті шараларды қабылдайды.

"Қолымды жүрегіме қойып, ССС-дің бауырлас қазақтарға ерекше құрметпен қарайтынын айтамын. Болған жәйт үшін тағы да кешірім сұраймын. Осы оқиға туралы естіген бойда дереу Атырауға жағдайды реттеу үшін ұшып шықтым. Бүгінгі таңда Теңіздегі жағдай тұрақты, өлім-жітім, ауыр дене жарақаттары болған жоқ, - деп мәлімдеді компания басшысы.

Эли Дауд да ереуілге себеп болған фото үшін қазақстандықтардан кешірім сұраған болатын. 

Теңіздегі тәртіпсіздіктерге не себеп болды?

Теңіз вахталық елді мекеніндегі тәртіпсіздіктер 29 маусымда басталды. Оқиғаға Ливия азаматы Эли Даудтың WhatsApp мессенджерінде жариялаған фотосуреті себеп болды. Ол фотода рация ұстап тұр. Ал рацияның антеннасы артындағы қазақ қызының ерніне тигенін көруге болады.

Бұл сурет Сohsolited Contracting Endihering and Prourement S. A. L Offshore (CСЕР) компаниясы қызметкерлерінің намысына тиіп, араб жұмысшыларды ұрып-соққан.