Қоғам

Nur Otan партиясы ғимаратқа басып кірмек болған арыстықтарға қатысты түсініктеме берді

Nur Otan партиясы құқық қорғау органдарына туды жұлып алғандардың үстінен шағымданбайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik. Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалы қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айта кетсек, әлеуметтік желілерде Шымкентте бас көтерген арыстықтардың видеосы тараған болатын. Онда наразы адамдар қаладағы Nur Otan партиясы филиалының алдында ілулі тұрған туды жұлып алып, ғимаратқа басып кірмек болады.

Осыған байланысты партияның Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов видео арқылы түсініктеме берді. Айтуынша, қазір партия филиалы штаттық режимде дұрыс жұмыс істеп жатыр.

"Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалында бәрі дұрыс. Бағана жиырма шақты бұзақы жігіт келіп, осы жерде заңсыз әрекеттер жасаған. Олармен сөйлесіп, жағдайды түсіндіріп, талап-арызын тыңдағаннан кейін,  олар басқа органдарға шағымданамыз деп кетіп қалды. Ғимаратта қазір бұзақылық, қирату, ондай ештеңе жоқ", - деді Нарымбетов.

Ол филиалда бәрі тыныш, нұротандықтар Арыс қаласының тұрғындарымен бірге екенін қадап айтты.  

Тағы оқыңыз: Бердібек Сапарбаев Арыс халқына: көмек ашық әрі әділ бөлінетін болады

Nur Otan партиясы туды жұлып алғандардың жауапқа тартылып-тартылмайтынын құқық қорғау органдары шешетінін мәлімдеді.  

"Оны жауапты құқық қорғау органдары өзі шешсін. Бұл партияның жұмысы емес. Егер заң бұзылса, олар бұл жұмыспен өздері айналысады. Туды жұлуға қатысты ешқандай іс қозғалған жоқ, біз ол жайлы естімедік", - деді партияның баспасөз қызметінің жетекшісі Максим Споткай Sputnik Қазақстанға.