НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik. Nur Otan партиясының хатшысы Арыс тұрғындарының мазасын қашырған сауалға жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифигте журналист партия өкіліне Арыс халқының қалаға барғысы келмей отырғанын айтып, осы ретте Nur Otan партиясы тарапынан қандай көмек көрсетілетінін сұрады.
"Тұрғындар биліктің "қираған үйлерді жөндейміз, барлығын қалпына келтіреміз" деген сөзіне қарамастан, Арыс қаласына қайтадан барғысы келмейді. Шымкент, Түркістан қалаларынан үй сұрап отыр. Осыған қатысты пікіріңізді білдірсеңіз. Nur Otan партиясы көмектесе ала ма?", - деді БАҚ өкілі.
Сұраққа Nur Otan партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова жауап берді.
"Азаматтарға үй мен қаражат беру, басқа қалаларға көшіру мәселесі қаралып жатыр. Осы апаттан зардап шеккен азаматтарға 4 жақтан көмек берілуде. Біріншіден, президент үкіметке резервтен қаржы бөлу жөнінде тапсырма берді. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы Арыс қаласын және азаматтардың үйлерін қалпына келтіруге жұмсалады. Сондай-ақ үкімет пен облыстық штаб келісе отырып, басқа да мақсаттарға қосымша қаражат бөлуі мүмкін", - деді ол.
Оның айтуынша, екіншіден, апаттан зардап шеккен, денсаулығы нашар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсетіледі.
"Кеше қорғаныс министрлігі апаттан 3 адамның қайтыс болғанын айтты. Оқиға кезінде асыраушысынан айырылған отбасылар немесе осы апатқа байланысты жұмыссыз қалған азаматтар болса, онда мемлекеттік бюджеттен республикалық сақтандыру қорынан қаржы төленеді", - деді Тамара Дүйсенова.
Nur Otan партиясының хатшысы үшіншіден, әрбір жергілікті бюджеттен қосымша ақша бөлінуі мүмкін екенін айтты.
"Облыстық, аудандық бюджеттен азаматтардың қажеттілігіне қарай жергілікті мәслихаттың шешімімен тағы да қосымша қаражаттар бөлінуі мүмкін. Төртіншіден, жарты миллиард теңгеге жуық қаржы Түркістандағы әлеуметтік даму қорына түсті. Осы қаражат та бөлінеді. Облыс әкімінің штабымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Онда арнаулы комиссия бар. Ол біріншіден, қаланы қалпына келтіру, оны тазалау мәселесімен толық шұғылданады", - деді ол.
Брифинг барысында Тамара Дүйсенова Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындардың осы аптаның соңына таман Арыс қаласына қайтуға мүмкіндігі бар деген сөзін мысалға келтіріп, адамдарды сабырға шақырды.
"Сондықтан тиісті қаражатты бөлу, азаматтарға көмек көрсету арнаулы комиссияның құзыретінде. Мен арнаулы комиссия арыстықтарға толық ақпаратты жеткізеді деп ойлаймын. Қорғаныс министрлігі қаланы толық тазалап болдық дейді. Сондықтан үкімет, қорғаныс министрлігі Арыс қаласындағы қауіпсіздіктің сақталуы жөнінде тиісті хабарламаны беріп отыр", - деп түйіндеді сөзін Nur Otan партиясының хатшысы.
Арыстағы жарылыс
24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімде өрт шығып, қоймада сақталған оқ-дәрілер жарылды. Салдарынан үш адам көз жұмып, 160-тан астамы дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
Аталған оқиғаға қатысты "Қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын айтты.