НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы жарлыққа қол қойды.
Көптеген азаматтардың несиелік жүктемесі өсуде, таза табыс көлемі төмендеуде. Адамдар өз несиелерін өтеудің жолдарын таба алмай отыр. Бұл мәселе
500 мыңға жуық несие алушының тұрмысына тікелей әсер етуде.
Несиелердің 86%-ынан астамының мөлшері 1 миллион теңгеден аспайды. Қарыздардың орташа мөлшері – шамамен 300 мың теңге.
Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев қарызға батқан азаматтарымыздың жағдайына бей-жай қарай алмайтынын айтты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"Сондықтан, Президент бұрын-соңды болмаған теңдессіз әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Тиісті Жарлыққа қол қойылды. Басты мақсат – қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өздерінің отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру", - деп жазылған хабарламада.
Өкімде Үкіметке және Ұлттық банкке бір реттік акция ретінде келесі шараларды қабылдау тапсырылған.
Тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттағы азаматтар үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді.
Бұдан бөлек, олардың биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздарының жалпы көлемі 3 миллион теңгеден аспауы тиіс.
Кімнің кредиті өтеледі?
Несие алғандардың 55%-ы, яғни 250 мың адам үшін бұл негізгі несие мен сыйақыны қоса алғанда жалпы қарыз көлемін тұтастай төлеу дегенді білдіреді.
Қалған несие алған азаматтардың қарыздары 300 мың теңге мөлшерінде өтеледі. Бұл олардың төлеу қабілеттілігін қалпына келтіруге және қарыз жүктемесін төмендетуге айтарлықтай септігін тигізеді.
Айта кетейік, мұндай жеңілдік көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.
Жарлықтың мәтінімен мына жерде таныса аласыз.