НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Өскемен қаласында 79 жастағы зейнеткер алаяқтың құрбаны болды, деп хабарлады жергілікті YK-news.kz порталы.
21 маусым күні өскемендік зейнеткер полицияға белгісіз ер адам тонап кеткенін хабарлаған.
Оның айтуынша, ер адам өзін "Өскемен Су арнасы" коммуналдық кәсіпорнының қызметкерімін деп таныстырып, түбертектерді тексерген. Ол үйдегі құжаттардың арасында тұрған ақшаны көріп, оны алып қашып кеткен. Шығын көлемі 2 миллион теңге болды.
"Ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен еш жерде жұмыс істемейтін әрі бұрын сотталған 29 жастағы ер адам ұсталды", - делінген Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті таратқан хабарламада.
Ұсталған жігітке қатысты Қылмыстық кодекстің 191-бабы (Тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.