НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Арыста елді дүрліктірген төтенше жағдайдан кейін апелляциялық комиссия жұмысын уақытша тоқтатты. Бұл туралы білім және ғылым министрлігіне қарасты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тойбаевтың айтуынша, Арыс қаласында ҰБТ өткізетін бір пункт бар. Ол №1 мектепке орналасқан. Арыстық түлектер ҰБТ-ны екі лекпен – 21 және 23 маусым күндері тапсырып қойған.
"Тестілеуге 779 бала өтінішін қалдырған еді, оның 772-сі екі лекпен тапсырды", - деді ол ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, 24 маусым күні таңғы сағат 09:00-де Арыстың №1 мектебінде апелляциялық комиссия өз жұмысын бастаған.
"Осы кезде осындай оқиғалар орын алды. Құдай сақтады, ешкім зардап шеккен жоқ. Қалада министрліктің 12 өкілі жұмыс істеді. Қазір олардың 12-сі де Шымкентте, 10-ы Нұр-Сұлтан қаласына шығайын деп жатыр. Олар өз жұмыстарын аяқтайды", - деді Тойбаев.
Айтуынша, апелляциялық комиссияның төрағасы сол жерде қалады.
"Апелляцияны өткізіп үлгермедік. Жағдай тұрақталған соң, өткіземіз. Мүмкін ол жерде өтініштер де болатын шығар. 30 маусымға дейін уақытымыз бар. Егер оған дейін үлгермесек, уақытын созамыз", - деді министрлік өкілі.
Арыстағы жарылыс
24 маусым күні сағат 9.30 кезінде Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылды. Әскери бөлімдегі жарылыстан кейін Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Жарылыс салдарынан екі адам қаза тапты, біреуі - әскери қызметкер.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына барды.
Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, Арыстағы жарылыстан кейін 165 тұрғын дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
Төтенше оқиғадан кейін қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.