АЛМАТЫ, 25 маусым — Sputnik. Арыста оқ-дәрі қоймаларындағы жарылыстан кейін жоғалды деп есептелген екінші әскери қызметкер табылып, госпитальге жеткізілді.
Қорғаныс министрлігі оның қандай жарақат алғаны жайлы ақпарат таратпады.
"Келісімшарт негізінде жұмыс істейтін әскери қызметкер, аға сержант Әлімбеков алған жарақатынан көз жұмды. Жоғалған екінші әскери қызметкер табылды, қазір ол емдеу мекемесінде", - деп жазылған әскери ведомствоның баспасөз қызметі жариялаған ақпаратта.
Арыста не болды
Қазақстандықтарды дүрліктірген жарылыс 24 маусым күні таңертең болды. Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылған.
Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.
Төтенше оқиға салдарынан екі адам қаза тапты, оның бірі – әскери қызметкер. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жарылыстан кейін 165 тұрғын дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Қазіргі уақытта 89 адам ауруханада жатыр.
Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылыстарға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Ішкі істер министрлігі қазіргі уақытта жарылыстар тоқтағанын, бірақ жарылыс қаупі әлі де сақталып отырғанын хабарлады. Жүзден астам сапер қала аумағындағы теміржол жолдары мен стансаларды тексеріп жатыр.
Жарылыстан кейін қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына аралап, эвакуация бекетіндегі тұрғындармен кездесті. Мемлекет басшысы халыққа қажетті көмектің барлығы көрсетілетінін, сондай-ақ жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын айтты.