Оқиға

Арыстағы жойқын жарылыс: Тоқаев шұғыл тапсырма берді

Мемлекет басшысы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жарылыстың себептерін анықтау қажет деп мәлімдеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жарылысқа қатысты министрлер мен облыс әкіміне шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

"Қорғаныс, Ішкі істер министрлеріне және Түркістан облысының әкіміне Арыс қаласы әскери бөліміндегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстың зардаптарын жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырдым. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жарылыстың себептерін анықтау қажет", - деп жазды президент әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Арыстағы жарылыс

Дүйсенбі Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жойқын жарылыс болып, артынша алапат өртке ұласты.

Қорғаныс министрлігі қазіргі уақытта жарылыс салдарынан қаза тапқандар мен зардап шекендердің жоқ екенін хабарлады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. 

Жарылыстың салдарын жою жұмыстарын облыстық төтенше жағдайлар департаменті, Түркістан облысы мен Шымкент әкімдіктері жүргізіп жатыр.

Арыс тұрғындары шұғыл түрде Шымкент қаласына көшіріле бастады. Қорғаныс министрлігі оқиға орнына арнайы комиссия жіберді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдай орнына шықты.