Қоғам

Қорғаныс министрі арыстықтарға үндеу жасады

Әскери бөлім аумағындағы жарылыс салдарынан бір адам қаза тауып, отыздан астамы жарақат алған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласының тұрғындарынан әзірге үйлеріне оралмауды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ермекбаев жарылыс болған арсеналда қуатты және қауіпті авиациялық оқ-дәрілер мен бомбалар сақталмағанын атап өтті. Барлық оқ-дәрі жарылу қаупі ескеріле отырып орналастырылған.

"Негізгі жарылыс толқыны далаға бағытталды. Қалған бөлігі елді мекендерге келді", - деді министр арнайы брифингте.

Ол арсеналда ешқандай радиоактивті оқ-дәрі мен радиоактивті снарядтар сақталмағанын айтты.

"Ешқандай радиация қаупі төніп тұрған жоқ", - деді Ермекбаев.

Осы орайда министр Арыс қаласының тұрғындарына үндеу жасады.

"Қауіпсіздік мақсатында рұқсат етілмегенге дейін Арысқа қайтпаңыздар. Арыс қаласының көшелері мен жолдарында жарылмаған оқ-дәрі болуы мүмкін. Қазір саперлер тобы тазалау жұмыстарын бастады. Бұл жұмыс аяқтала салысымен, тұрғындарға үйлеріне оралуға рұқсат етіледі", - деді ол.

Ермекбаев арыстықтарды үйлеріндегі мал-мүлікке алаңдамауға шақырды.

"Қазір барлық үй полицияның бақылауында, сондықтан дүние-мүлікке алаңдамасаңыздар болады. Ешқандай тонау, ұрлау болмайды. Әскери қалашықтар мен арсенал да әскери қызметшілердің бақылауында", - деді ол. 

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні сағат 9.30 кезінде Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылды. Салдарынан бір адам қаза тауып, отыздан астамы жарақат алған.

Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылыстарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Арыс қаласында 45 мыңға жуық халық тұрады. Әскери бөлімдегі жарылыстан кейін Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды.

Арыс қаласындағы жарылыстан кейін қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер органдары жағдайды өз бақылауына алды.