Қоғам

Nur Otan Арыс тұрғындарына гуманитарлық көмек жинауға кірісті

Әскери бөлім аумағындағы жарылыс салдарынан бір адам қаза тауып, отыздан астамы жарақат алды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Nur Otan партиясы Арыс қаласындағы жарылыстың салдарынан зардап шеккен және көшірілген тұрғындарға бүгіннен бастап гуманитарлық көмек жинайды. Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Nur Otan-ның жергілікті өкілдігі тұрғындарды көшіріп, оларды орналастыруға көмектесуде. Облыстық филиал басшылығы оқиға орнына барып,  әкімдікпен және ТЖ департаментімен бірлесіп туындаған барлық мәселені жедел шешіп жатыр.

Әшімбаев Nur Otan Арыс қаласының тұрғындарына барлық қажетті көмекті көрсететінін атап өтті.

"Тамақ пен киім-кешектен бастап уақытша баспана беру және алдағы уақытта елді мекеннің инфрақұрылымын қалпына келтіруге дейін көмек беріледі. Біздің Түркістан облысындағы филиалымыз бүгіннен қалмай гуманитарлық көмек жинауды бастайды. Бұл жұмысқа біздің партияның өкілдігі мен еліміз бойынша бастапқы партия ұйымдары тартылады", - деді Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Ол сондай-ақ қаланың әрбір тұрғынының қауіпсіздігі қамтамасыз етілгеннен кейін болған оқиғаның мән-жайын жедел анықтау қажет екенін атап өтті.  

"Біздің партия бұл істі ашық әрі әділ тергеуді талап етеді", - деп түйіндеді Мәулен Әшімбаев.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні сағат 9.30 кезінде Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылды. Салдарынан бір адам қаза тауып, отыздан астамы жарақат алған.

Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылыстарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Арыс қаласында 45 мыңға жуық халық тұрады. Әскери бөлімдегі жарылыстан кейін Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды.

Арыс қаласындағы жарылыстан кейін қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер органдары жағдайды өз бақылауына алды.